|   |   |   |  Астана-1964 – Зенит. Чемпиондықтың тағдыры осы ойында шешіле ме?

Астана-1964 – Зенит. Чемпиондықтың тағдыры осы ойында шешіле ме?

Астана-1964 – Зенит. Чемпиондықтың тағдыры осы ойында шешіле ме?
Изекенов VS Аллаяров

Жексенбі, яғни ақпанның 20-сы күні елорданың «Астана-Арена» стадионында қала біріншілігінің 17-туры аясындағы «Астана-1964» – «Зенит» кездесуі өтеді. Бұл қысқы біріншіліктің чемпионын анықтайтын маусымның ең маңызды, әрі шешуші ойыны болуы мүмкін. Осы орайда біз аталмыш командалардың ойыншылары Ербол Изекенов пен Эльвин Аллаяровтың матч алдындағы ойларын білген едік.

– Ойынға қаншалықты дайынсыздар және матчқа қандай тактика ұстанып шығасыздар?

Ербол Изекенов: – Бұрынғы дайындықтарымыздан еш өзгешелік болған жоқ. Шынын айтқанда біз тұрақты түрде жаттығып тұрмаймыз да. Әрқайсымыз өзімізше дайындаламыз. Бірақ, бұл таңғалатын нәрсе де емес. Өткен жылы жаттығуларсыз-ақ чемпион болғанбыз. Тіпті, Қазақстанның Екінші лигасын жеңіп алғанбыз. Бұрыннан бірге ойнап жүрміз ғой. Түсіністік тұрғысында проблема туындамауы тиіс. Қазір қарсыластың аты маңызды емес, әр ойында алаңға тек жеңіс үшін шығуымыз қажет. Бірінші айналымда бұл командадан жеңіліп қалғанбыз. Қарымта қайтарғымыз келеді. Әлбетте, «Зенит» те қарымды қарсылас. Ойындары бір жүйеге қойылған. Дегенмен, құрамы тұрақты емес, әр матчқа әртүрлі ойыншылар шыға береді.

Эльвин Аллаяров: – Әрине, оңай ойын болады деп ойламаймыз. Қарсыласымыз өте азулы. Допты жақсы ұстай біледі. Құрамында кіл мықтылар жиналған. Алайда, біздің де команда осал емес. Премьер-лигада ойнаған бірқатар футболшыларымыз бар. Жалпы, мұндай матчтарда кім бірінші қателеседі, сол жеңіледі. Ал дайындығымыз жаман болған жоқ. Бас бапкер оларға қарсы қалай ойнау керек екенін мұқият түсіндірді. Егер тапсырмасын мұқият орындасақ, жеңіс біздікі болады. Бәлкім, қарымта шабуылдарға иек артатын шығармыз.

– Бірінші кезең аясында өткен алғашқы ойындарыңызда 2:1 есебімен «Зенит» жеңіп еді. Алдағы матч қалай өтеді деп ойлайсыздар?

Ербол Изекенов: – Өткен ойынға мүлдем ұқсамайтын шығар деп отырмын. Өйткені, трансферлік кезеңде құрамымызды біршама күшейттік. Шымкенттен 5-6 ойыншы шақырттық. Өткен жылы осы құраммен чемпион атанғанбыз. Яғни, ертең алаңға чемпиондық команда шығады деген сөз.

Эльвин Аллаяров: – Бірінші кезеңдегі жетістігімізді қайталаймыз деп үміттенемін. Иә, қарсылас та қалай да үш ұпай алуға тырысары хақ. Дегенмен, алаңда жинақылық танытып, командалық ойын көрсетсек, онда «Астана-1964»-ті тағы да тізерлете аламыз.

– Сіздің командаңыздың осы біріншіліктегі ең үздік ойыны?

Ербол Изекенов: – «Достарға» қарсы өткізген ойын. Бірінші кезең болатын, 4:1 есебімен жеңгенбіз. Айтпақшы, олар да біздің ежелгі қарсыласымыз. Сол кедесуде мен екі гол соғып, бір нәтижелі пас бергенмін.

Эльвин Аллаяров: – Бірінші кезеңді керемет өткіздік. Барлық ойында қарсыласымыздан басымдығымыз көрініп тұрды. Әлбетте, әлсіздерге қарсы ойындарымызбен мақтанғаным жараспас. Сондықтан, «Школьник», «Астана-1964» және «Достарға» қарсы өткізген ойындарды айта аламын.

– Астана біріншілігінің қысқы маусымындағы үздік ойыншы деп кімді атар едіңіз?

Ербол Изекенов: – Әр команданың өз жұлдызы бар. Егер барлық команданың үздік ойыншыларын жинақтап, бір құрама етіп шығарсақ, онда Қазақстан Бірінші лигасының кез-келген клубын жеңе алар едік.

Эльвин Аллаяров: – Әріптесіммен толық келісемін. Егер нақты айтар болсам, орталық шептің патшасы Азат Жұмкенов тамаша ойнайды. Басқа емес, «Зениттің» намысын қорғайтынына қуаныштымын. «Астана-1964»-тің жартылай қорғаушылары мықты. «Школьниктің» қорғанысы мен шабуылына көз қызығады. Ал «Достар» сапындағы Мұрат Тілешевтің өзі бір командаға татиды емес пе?!

– Сұхбат үшін рахмет! Әділ ойын болсын! 

Тізімге қайта оралу