|   |   |   |  Школьник - Наша Кампания текетіресі қай команданы тентіретеді

Школьник - Наша Кампания текетіресі қай команданы тентіретеді

Школьник - Наша Кампания текетіресі қай команданы тентіретеді
Төкенов VS Казначеев

Әу баста турнирдің басты фавориттері саналған «Школьник» пен «Наша Кампанияның» қазіргі халі мәз емес. Басты бәсекелестерінен бес ұпай қалып қойған олар сенбі күнгі өзара кездесуде қайсысының ары қарай чемпиондыққа таласарын, қайсысының шет қалатынын анықтайтын болады. Осыған орай, біз қос команданың ойыншылары «барселоналық» Әнуар Төкенов пен «кампашкалық» Максим Казначеевке төрт сұрақ қойған едік.

– Алдағы ойыннан не күтесіздер және қарсыласыңызды қалай жеңуді көздейсіздер?

Әнуар Төкенов: – Өте ауыр ойын болады деп ойлаймын. Өйткені, екі командаға да жеңіс ауадай қажет. Дегенмен, екінші кезеңде ешқандай ойын оңай болмайды. Үздік алтылықта шынымен де мықты командалар ғана қалды. Бәрі де алаңға тек жеңіс үшін шығады. Ал қатарынан екі кездесуде жеңіліп қалған алдағы ойында міндетті түрде «Наша Кампанияны» жеңу қажет.

Максим Казначеев: – Біз де алаңға тек жеңіс үшін шығамыз. Ал іс жүзінде қалай боларын ойын көрсетеді. Біз негізінен қорғанысқа ден қоятын боламыз да, қарсыласымызды қарымта шабуылда ұстауға тырысамыз. Матч алдындағы соңғы жаттығуымызды өткіздік. Сонда жаттықтырушылар бізге қалай ойнау қажеттігімізді түсіндіріп өтті.

– Қарсыласыңыз жайлы не айтасыз? Артық-кем тұстарын байқай алдыңыз ба?

Әнуар Төкенов: – Бірінші кезең аясында 3:1 есебімен жеңгенімізбен «Кампашканың» әлсіз жерін байқамаппын. Өте тығыз ойнайды. Жаттықтырушылары білікті, ұжымы тату және құрамына тәжірибелі ойыншыларды жинаған. Бір сөзбен айтқанда қарсыласымыз өте қарымды. Өткен жылы бекер қысқы маусымның чемпионы атанған жоқ қой.

Максим Казначеев: – «Школьник» – турнир фавориттерінің бірі. Допты керемет ұстай біледі және бір-бірімен жақсы түсініседі. Соңғы шебін әккі қорғаушы Максим Жалмағамбетов ұстап тұр. Ол стандартты жағдайларда да мықты. Сондықтан, бізге Жалмағамбетовпен сақ ойнау қажет. Ал алғы шебінде қолды аяққа тұрмайтын жылдам ойыншылары бар. Жалпы, «Школьник» осы біріншіліктегі шабуылға ең бейім командалардың бірі.

– Әу баста турнир фавориттері болғандарыңызға қарамастан қалайша көшбасшыдан біршама артта қалып қойдыңыздар?

Әнуар Төкенов: – Әлбетте, соңғы екі ойында сәтсіз ойнауымыздың өз себептері бар. Ойынға психологиялық тұрғыда дайын болмадық деп айта алмаймын. Барынша дайындалдық. Бәлкім, концентрация жетпеген шығар. «Достармен» болған ойында қақпамызға соғылған жылдам екі гол барлық жоспарымызды бұзды да, өз ойынымыздан жаңылдық. Ал «Астана-1964» командасымен болған матчтың екінші жартысында бізге сәл сәттілік жетіспеді.

Максим Казначеев: – Рас, бізде өте тәжірибелі ойыншылар жиналған. Бірақ, өкінішке қарай, әрдайым барлығымыз бірге жинала бермейміз. Құрамымыз да әрдайым өзгеріп тұрады. Әр матчқа әртүрлі ойыншылар шығатыны да сондықтан. Егер барлық ойында негізгі құраммен алаңға шыққанымызда, онда қазір көш юасында болар ма едік. Сондай-ақ, жаттығуларымыздың тым сирек болуы да кері әсерін тигізді деп ойлаймын.

– Қазір Сіздің командаңыз 16 ұпай еншілеп, турнир көшбасшысынан бес ұпайға артта келеді. Осы біріншіліктегі ендігі мақсаттарыңыз не?

Әнуар Төкенов: – Теориялық тұрғыда біз әлі де бірінші орыннан үміттіміз. Бірақ, ол үшін біз өз ойындарымыздың барлығын жеңуіміз керек те, бәсекелестеріміздің сүрінгенін күтуіміз қажет. Өкінішке қарай, барлығы өз қолымызда емес. Енді әр кездесуде максимум ұпайдан жинап отыру керек. Қайткен күнде де үздік үштіктен көрінеміз деп үміттенемін. Бірақ, ең бастысы жеңіс емес, турнирге қатысу.

Максим Казначеев: – Біз де барлық кездесуде жеңіске жетуге тырысамыз да, бәсекелестеріміздің тең ойнап, сүрінгендерін күтеміз. Алайда, соңғы кезде қатты қарқын алған «Астана-1964» командасын тоқтату оңай болмайтын секілді. Дәл қазір чемпиондықтан басты үміткер осы команда.

– Сұхбат үшін рахмет! Жеңіске лайықты команданың жолы болсын!

Тізімге қайта оралу