Главная страница
 |   |   |   |  "Зенит" жеңістерінің жеті құпиясы

"Зенит" жеңістерінің жеті құпиясы

"Зенит" жеңістерінің жеті құпиясы
"Зенит" (Астана) футбол клубы

«Аспан көк» жейделілердің бірінші кезеңдегі барлық ойындарын зерттеген sportsffa.kz порталының тілшісі «Зенит» жеңістерінің жеті құпиясын анықтады.

Құрыла салып, Астана қаласының біріншілігіне қатысқан «Зенит» әуесқой футбол командасы бірден елордалық барша футболсүйер қауымды дүрліктірді. Тек бір ғана кездесуінде тең түсіп, қалған матчтардың барлығында қарсыластарынан басым түскен «жұмбақ команда» біріншіліктің бірінші кезеңін бірінші орында аяқтады. «Бұл не қылған команда? Қайдан шықты?», - десті қалалық турнирлерге бұрыннан қатысып жүрген командалар аң-таң болысып. Қарсыластар қалай жеңерін, қандай амал қолданарларын білмей бастары қатты. Тек «Наша Кампания» ғана аспан «Зениттің» сәтті ойындарының құпиясын тауып, бір емес, бес ұпайын жұлып алды. Сонымен, «аспан көк жейделілердің» жеңіс құпиясы неде?

№1 құпия. Бас бапкер

«Зенит» жетістіктерінің басты себепкері бас бапкер Илья Меланич екені ешкімге жасырын емес. Бүгінде жойылып кеткен «Гефесттің» бұрынғы бас жаттықтырушысы команданың ойынын бір жүйеге қоя білді. Әйтпесе, «Зенит» сапында асқан футболшы жоқ. Ойыншыларының техникасы да соншалықты жетік емес, Бұл туралы «Наша Кампанияның» аға жаттықтырушысы Владимир Глевич те өз пікірін білдірген. Дегенмен, бұл олқылықтың орнын «аспан көк жейделілер» командалық ойынмен толтырып жүр. Ал бұл бас бапкер Илья Меланичтің арқасында жүзеге асып отыр. Әр қарсыласын мұқият зерттейтін Владимир Александрович қажет кезінде командасын қайрай да білетін маман.

№2 құпия. Қақпашы

«Зенит» қақпашысы Серік Елубаев бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша таңдаулылар құрамынан ойып тұрып орын алған. Естеріңізге сала кетейік, біріншіліктің бірінші жартысында «аспан көк жейделілер» қақпаларына бар болғаны 6-ақ гол жіберіп, бұл тұрғыда өзгелерден озық болған. Әлбетте, бұл бірінші ретте қақпашының арқасы. Оның керемет алғырлығы мен сенімді сейвтері алғы шептегі әріптестеріне де жігер сыйлап, жеңіске жетелеп отырады. №3 құпия. Қорғаныстағы қарапайымдылық

№3 құпия. Қорғаныстағы қарабайырлық

«Зенит» сапында 90 минут бойы қос қапталмен шабуылдай алатын латеральдар жоқ. Олардың қорғаушылары бір сызықтың бойына орналасқан. Соңғы шептегі ойыншылар допты көп ұстамауға тырысып, реті келсе алға тебе салады немесе әріптесіне жылдам пас бере салады. Бар болғаны осы. Басқа не керек? Ең бастысы, нәтиже беріп тұрса болды емес пе? Қорғаушылардың доп көп ұстағаны емес, қарапайым, оңай ойнағаны дұрыс.

№4 құпия. «Жұлдызды» ойыншылардың жоқтығы

Әлбетте, «Зениттің» көптеген ойыншылары Қазақстан Бірінші лигасында ойнайды. Тіпті, жартылай қорғаушысы Вячеслав Эрбес кезінде Қазақстан ұлттық құрамасының жейдесін киген футболшы да бар. Дегенмен, айтпағымыз олар жайында емес. Біз өзімшіл «жұлдыздар» жайында айтып отырмыз. Оларда ондай ойыншылар мүлдем жоқ. Маған осынысы ұнайды. Футболшыларының барлығы да тәртіпке бас иген жігіттер. Ойын болатын күні бір жарым сағат бұрын стадионға келіп алып, қарсыласы енді киім ауыстырып жатқанда бұлар жасыл алаңда барынша жаттығу жасап жүреді. Ойынға себепсіз келмей қалатындары мүлдем жоқ. Иә, қалаған кезде стадионға келіп, қаламаса үйінде қалып қоятын кәсіпқой «жұлдыздан» гөрі, әр матчта жанын салып ойнайтын әуесқой мың есе артық деген осындайда айтылса керек.


"Зенит" футболшылары кезекті жеңістен кейін

№5 құпия. Қарсыластардың менсінбеуі

Маусым басында ешкім де «Зенитті» фавориттер қатарына қосқан жоқ. Бәрі де бұл команданы қалпақпен қайырып алуға болады деп ойлады. Осылай ойлаған «Школьник» екінші турда жазаланды, «Астана-1964» пен «Достар» да сан соғып қалды. Дегенмен, кейбір командалар әлі де «аспан көк жейделілерді» менсінбейтін секілді. Мәселен, өзінің бір сұхбатында «Школьниктің» бас бапкері Бауыржан Сейсенбеков «біз бұл командадан өзіміздің ақымақ ойынымыздың кесірінен жеңіліп қалғанбыз» деп көлгірсіді. Сол сияқты сұхбатты «Достардың» жаттықтырушысы Әділ Шанабаев та берді. Шамасы, олар әлі «Зениттің» қаншалықты қауіпті екенін толық түсінбеген тәрізді. Жігіттер, жететін шығар енді! Егер бұдан былай Меланичтің командасына көзді жұмып қарайтын болсаңыздар, онда өзара ойында міндетті түрде тағы да жазалайтын болады.

№6 құпия. Зеріктірерлік ойын

«Зенит» сапында өзінің әдемі голдарымен немесе бас айналдырарлық финттарымен жанкүйерлердің естерінде қалатындай ойыншылар жоқ. Шыны керек, ешкімді де көрерменнің көзайымы дей алмайсың. Тіпті, өзге командалардың жаттықтырушылары да «мен бұл командадан ешкімді алмас едім» деп ашығын айтып жатады. Иә, әлбетте, ойыншыларын алаң жиегінен басқарып отыратын бас бапкері бар, әр ойында әдемі сейвтерімен көзге түсіп жүрген қақпашысы бар. Бірақ, бапкер алаңға шыға алмайды, ал қақпашының әлемнің үздік ойыншы болғаны 1963 жылдың еншісінде ғана. Яғни, қақпашы мен жаттықтырушы жанкүйерлердің жадында қалатын кейіпкерлер қатарынан емес. Ал қорғаушылардың жайын жоғарыда айттық. Демек, «Зениттің» ойыны өте қарабайыр, іш пыстырарлық десе де болады. Кейде қызықсыз болатыны сонша, ойын ортасында кетіп қалғың келеді. Нақты айтқанда, допты алға асыра салады да, алғы шептен бақытын іздейді. Иә, ойнай білсең мұндай ойыннан да нәтиже шығаруға болады.

№7 құпия. Қосалқы құрамдағы ойыншылар

Бірінші кезеңнің соңында Илья Меланич «менің командамда ойыншылар өте аз. Қосалқы құрамда адам қалмады. Екінші кезеңде қиын болады-ау» деген. Екінші кезеңде қалай боларын көре жатармыз. Ал біріншіліктің бірінші жартысында «Зенит» ойыншылары жеткілікті болды. Жоғарыда атап өткеніміздей, «аспан көк жейделілердің» ойыншыларының барлығы да тәртіпке бас иген жігіттер. Яғни, ойынға себепсіз келмей қалған немесе кешіккен ешкім болған жоқ. Ал қосалқы құрамда әрдайым командасының ойынын күшейте алатын ойыншылары отырады. Біз тіпті, биылғы біріншілікте Диас Әділханов, Эльвин Аллаяров, Азат Жұмкенов сынды жампоздардың да қосалқы құрамда отырғанын көргенбіз. Демек, алаң жиегінде де ойынға өзгеріс енгізе алар ойыншылары бар.

Әлбетте, «Зенит» жетістіктерінің басқа да құпияларын тізе беруге болар еді. Алайда, мамандар айтпақшы, қанша мықты болсаң да, жеңілмейтін команда жоқ. Мұны бізге «Наша Кампания» дәлелдеп берді. Басқа командалар да «аспан көктердің» әлсіз тұсын табуға тырысары хақ. Дегенмен, Илья Меланич те қарап жүрмей, командасына құпиясын ешкім шеше алмайтындай жаңа тактикалар сіңіреді деп сенеміз.


Тізімге қайта оралу