|   |   |   |  Эмиль Алиев: Енді қателесуге хақымыз жоқ

Эмиль Алиев: Енді қателесуге хақымыз жоқ

Эмиль Алиев: Енді қателесуге хақымыз жоқ
Эмиль Алиев – "Наша Кампания" командасының капитаны

Бұған дейін футболдан Астана қаласының біріншілігінде жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген «Зенит» командасын «Наша Кампания» тоқтатты. Бірінші өзара кездесуі 2:2 есебімен аяқталса, екінші ойында «Кампашка» жігіттері 3:1 есебімен басым түсті. Ойыннан кейін аталмыш команданың капитаны Эмиль Алиев sportsffa.kz сайтына сұхбат беріп, турнир туралы өз ойымен бөлісті.

– Эмиль, соңғы кездесуде азулы «Зенитті» ұттыңыздар. Турнир көшбасшыларына қарсы ойын қаншалықты қиын болды?

– «Зенит» қанша дегенмен турнир көшбасшысы ғой, өте азулы команда. Бірақ біз бапкерлер алқасының тапсырмаларын алаңда бұлжытпай орындап, өз мүмкіндіктерімізді голға айналдыра білдік.

– Ал «Наша Кампанияның» жеңісіне қандай баға берер едіңіз?

– Өте ауыр ойын болды. «Зенит» қос қапталмен де шабуылдап, әбден әбігерге салды. Олардың шабуылшылары мен жартылай қорғаушылары да өте жылдам, қолды аяққа тұрмайды. Бірінші таймда екі гол соғып алғанымыз жақсы болды, әйтпесе, «Зенит» үзілістен кейін қарқындарын тіптен күшейткен. Әлбетте, қателіктеріміз де болды. Сондықтан, бес емес, өзіме және командаластарыма төрт деген баға қояр едім.

– Қазір турнир шарықтау шегіне жетті. Еншісінде 16 ұпайы бар сіздің командаңыз көшбасшыдан 5 баллға қалып келеді. Біріншіліктің жеңімпазы атануға мүмкіндіктеріңіз бар ма?

– Өкінішке қарай, бірінші кезеңде біраз ұпай жоғалттық. Болмашы ойындарда қателік жіберіп, жағдайымызды қиындатып алдық. Енді бізге қателесуге болмайды. Алдағы ойындардың барлығында жеңіске жетуді көздейміз. Әр ойынға тек жеңіс үшін алаңға шығамыз. Ал біріншілікті қай орындай аяқтайтынымызды сол кезде көре жатармыз.

– Бұрын кәсіпқой деңгейде доп теуіп, Көкшетаудың «Оқжетпесінде» ойнағаныңызды білеміз. Қазір немен айналысып жүрсіз?

– «Оқжетпестен» кейін «Бәйтеректе» болдым. Бүгінде кәсіпқой футболдан аздап алыстағаным бар. Шағын бизнесім бар, соны дамытып жүрмін. Бірақ футболды да ұмытпадым. Достарыммен бірге тұрақты түрде доп теуіп тұрамыз. Ал демалыс күндерімді «Астана-Аренада» өткіземін.

– Сұхбатыңызға көп рахмет! 

Тізімге қайта оралу