|   |   |   |  Астана біріншілігінде көшбасшы алмасты

Астана біріншілігінде көшбасшы алмасты

Астана біріншілігінде көшбасшы алмасты
Алаңда Айсұлтан Назарбаев пен Қуаныш Әбдуәлиев

Турнир кестесінің көшбасшысы алмасты, «Зенит» алғаш рет жеңілістің кермек дәмін татты, «Школьник» күтпеген жерден ірі жеңіліске ұшырады, ал бұған дейін жеңіс дегеннің не екенін білмей келген МБЖСМОР жеткіншектері бірінші рет ұтыстың не екенін сезініп көрді. Иә, өткен демалыс Астана футболында осындай ұмытылмас нәтижелерімен есте қалды.

14-тур. «Школьникті» не түлен түртті?

Сенбінің орталық кездесуі деп мамандар бір ауыздан «Достар» мен «Школьник» ойынын атаған. Естеріңізде болар, бірінші кезеңнің аясында өткен матчта командалар сол күйі есеп аша алмастан тең тарқасқан болатын. Бұл жолы да ойын тыныш басталды. Бірінші ретте қорғанысқа көңіл бөлген командалар алғашында аңдысып бағысқан. Кенет, Туған Хамхоевтың жойқын соққысы қақпа торынан табылып, «Школьникті» есеңгіретіп жіберді. Естерін жиып үлгергенше болған жоқ, көптен бері гол соғып көзге түспеген Мұрат Тілешев есепті 2:0-ге жеткізді. Бұл кездесудің небәрі 5-ші минуты болатын. Осыдан кейін «астаналық «Барселонаның» ойынынан мән кетті. Болмашы жерден жиі қателесіп, допты аяқтарында ұстай алмай әлек болды. Ал екінші таймда Туған Хамхоев дубль жасап, «Достарына» ірі жеңіс сыйлады.

«Art Print» пен «Зениттің» де ойыны қызықты өтті. Трансферлік кезеңде құрамын біршама күшейткен «полиграфтар» бірінші минуттан бастап шабуылға көшкен. Дегенмен, шынын айту керек, жаңа ойыншыларына аздап түсіністік жетпеді. Илья Меланичтің тәжірибелі ойыншылары уақыт өте келе басымдықты өз қолдарына алып, 2:1 есебімен басым түсті.

«Астана-1964» жігіттері де оңай жеңіске қол жеткізді. Олар бұл жолы «Наша Кампаниямен» кездесті. Бірінші таймды аңдысумен өткізіп, тек төреші белгілеген пенальтидің арқасында ғана есепте алға шыға алған бұрынғы «Прогрессті» үзілістен кейін тоқтату мүлдем мүмкіндік болмады. Қорытынды есеп – 5:2.

Ал аутсайдерлер тобында көшбасшылықты «Астана-98» командасы қолдарына алды. Негізі «Астана» футбол клубының болашақ жұлдыздарынан бұдан да жоғары көрсеткіш күткенбіз. Алайда, бірінші кезеңді ала-құла өткізген олар енді ғана еңселерін тіктеген тәрізді. «Целинник» ардагерлерін 3:1 есебімен жеңген олар бұдан әрі қателікке жол беруге болмайтынын түсінген тәрізді. Дегенмен, «Астананың» 1999 жылғы жеткіншектері әлі де ақсап тұр. №8 МБЖСМОР-1997 командасымен кездескен Константин Котов шәкірттері 1:6 есебімен оңбай ұтылды.

«Целиноградтың» да жеңісін айта кеткеніміз жөн. №8 МБЖСМОР оқушыларымен кездескен Александр Черниковтің командасы әр таймда бір-бір голдан соғып, үш ұпайды қоржындарына басты.

Қанша тырысқанымен "школьник" Бауыржан Сейсенбеков "Достар" қорғанысын бұза алмады

15-тур. «Зениттің» алғашқы жеңілісі

Жексенбілік ойындар «Астана-98» командасының ірі жеңісімен басталды. Қарсыласы «Целиноград» қанша қарсыласқанымен бірінші таймда-ақ қақпаларынан алты доп алып шығуға мәжбүр болып, жағдайларын қиындатып алды. Ал екінші таймды тамаша бастағандарымен күштері көпке жетпей, тағы да төрт жіберіп алды. Қорытынды есеп – 10:0, «Астана-98» бұл топта өздерін нағыз патша сезінуде.

Одан кейін алаңға «Целинник» пен №8 МБЖСМОР-2000 командасы шықты. Соңғылары бұған дейін жеңіске жетпек түгілі, бірде бір ұпай ала алмай келген. Дегенмен, осы жолы айы оңынан туып, ақыры бір гол айырмашылығымен жеңістің не екенін сезінді. Қорытынды есеп – 3:2.

Ал ең тартысты текетірес «Зенит» пен «Наша Кампания» арасында өтті. Бірінші кезеңнің соңғы турында аталмыш командалар өзара кездесіп, 2:2 есебімен тең тарқасқан. Әлі де айтылмаған әңгімелері барын сол кезде сезген едік, түйсігіміз алдамапты. Ойынның алғашқы бөлігі «НК» айып алаңында өткенімен бірінші таймды «Кампашка» жігіттері 2:0 есебімен өз пайдаларына шешті. Үзілістен кейін Илья Меланич шәкірттері қанша тырысқанымен таразы басын теңестіре алмады. Есепті қысқартқан сияқты болып еді, кездесу соңында «Наша Кампания» тағы бір гол соғып, таблодағы көрсеткішті 3:1-ге жеткізді.

– Қарсыласымыздың тактикасын әбден зерттегенбіз. Сөйтіп, олардың көбіне алыс пастар арқылы ойнайтынын және допты алға асыра беретінін байқадық. Біз оларға өз мәнерінде ойнауға еш мүмкіндік берген жоқпыз, - деді ойыннан кейін «Наша Кампания» жаттықтырушысы Владимир Глевич.

«Школьник» пен «Астана-1964» арасындағы айқас та тартысты болды. Есепті 30-минутта «Школьник» ашқан. Допты сол қапталмен сүйреп келген Александр Богомолов «снарядты» қарсылас айып алаңына әуелете асырған еді. Бәрінің бойынан аса ұшқан доп Бейбіт Мамыраймов қорғаған қақпаның дәл «тоғыздына» қадалды. Иә, бұл гол бізге Ұлан Қонысбаевтың кезінде Түркия қақпасына соғылған голын көзге елестетті. Дегенмен, үзілістен кейін «Астана-1964» қарқындарын күшейтіп, 60 және 68-минуттарда екі доп соғып, жеңісті жұлып алды. Әрі бұл жеңіс команданы турнир кестесінде 1-орынға жетелеп шығарды.

Жексенбінің ойындар бағдарламасы «Достар» мен «Art Print» арасындағы кездесумен жабылды. Бірінші таймда қарсылас қақпасына екі гол соғып алған Әділ Шанабаев шәкірттері екінші таймда да ойын тізгінін уыстарынан шығарған жоқ. «Полиграфтар» қанша тырысқанымен «Достардың» қорғанысын бұзып жара алмады. Қорытынды есеп – 2:0.

Енді алда үш тур қалды. Қай команданың бағы жанып, аты озатынын, қай команда бармағын тістеп, бас шайқарын ақпан айының соңғы күні білетін боламыз.


Тізімге қайта оралу