|   |   |   |  Зенит – Наша Кампания. Айқас кімнің пайдасына шешіледі?

Зенит – Наша Кампания. Айқас кімнің пайдасына шешіледі?

Зенит – Наша Кампания. Айқас кімнің пайдасына шешіледі?
Илья Меланич vs Владимир Глевич

Осы демалыстың әр ойыны өзінше бір орталық кездесуге татиды. Дегенмен, біз турнир кестесінің көш басшысы «Зенит» пен «Наша Кампания» матчына тоқталмақпыз. Ойын 14 ақпан күні сағат 14:30-да басталады.

Бірінші кезеңнің арасында өткен өзара ойында командалар сол күйі жеңімпазды анықталмай кеткен болатын. Алма-кезек шабуылдармен өткен сол кездесу 2:2 есебімен тең аяқталған. Енді текетірестің жалғасы ертең өтпек. Сондықтан, біз аталмыш командалардың бас бапкерлері Илья Меланич пен Владимир Глевичтен алдағы ойын туралы ойларын білген едік.

– Ойынға қалай дайындалдыңыздар? Алдағы ойынға қандай тактика қолданбақсыздар?

Илья Меланич: – Әдеттегідей дайындалдық. Біз аптасына бар болғаны екі-ақ рет жаттығу өткіземіз. Сондықтан, көп жағдайда жекелей бір матчқа арнайы дайындалуға уақыт бола бермейді. Дегенмен, ойын комбинацияларын жетілдіруге тырыстық. Енді қаншалықты жүзеге асыра алатынымызды ойын барысында көре жатармыз. Ең бастысы, жігіттер менің ойымды дұрыс түсініп, айтқанымды алаңға орындай алса болғаны. Сондай-ақ, мұндай кездесулерде көп нәрсе ойыншылардың психологиялық дайындықтарына байланысты болмақ.

Владимир Глевич: – Бізде қазір кадрлік қиындықтар болып тұр. Көп футболшыларымыз оқу-жаттығу жиындарына кетіп қалды. Кейбірі жарақат алып қалған. Басқа командалар трансферлік маусымда құрамдарын күшейтіп жатса, бізде керісінше кішкене әлсіреп қалды. Дегенмен, алаңға тек жеңіс үшін шығамыз. Ал тактика жөнінде ел алдында мәлімдеме жасамай-ақ қояйын. Егер жігіттер менің тапсырмаларымды дәл бірінші ойындағыдай мүлтіксіз орындайтын болса, онда жеңіске жететінімізге сенімдімін.

– Бірінші кезеңнің аясында өткен бірінші ойын 2:2 есебімен тең аяқталған еді. Со кездесуде қарсыластарыңыздың күшті немесе әлсіз жақтарын байқай алдыңыз ба?

Илья Меланич: – Қарсыласың бірінші минуттан бастап есепті сақтап қалуға тырысып жатса, қандай футбол жайлы әңгіме қозғауға болады? Мұндай ойын футболды «өлтіреді». Өздеріңіз де көрдіңіздер ғой, «Наша Кампания» қақпашысы бірінші минуттан ойынды соза бастады. Міне, осы жағы маған ұнамай қалды. Ал жалпы, бұл командада жақсы ойыншылар өте көп. Тарихы терең. Жігіттері жігерлі, соңғы минутқа дейін тартысады. Допты жақсы ұстай біледі. Қарымта шабуылы да мықты. Жартылай қорғанысында кілең тәжірибелі жігіттер жиналған.

Владимир Глевич: – Бірінші кезеңде біздің жеңіске деген мүмкіндігіміз мол болған. Егер төрешінің қақпамызға белгілеген екі пенальтиі болмағанда, үш ұпай біздің қоржында болар еді. Кемшіліктерін де байқадым, мықты жақтары да бар. Мәселен, «Зенит» сапында ойынның тағдырын жалғыз өзі шешіп кетер ойыншылар жоқ. Футболшыларының да техникалары күшті емес. Дегенмен, команда ретінде мықты. Тәртіпті ойыншылар. Ал техникалық кемшіліктерін жылдамдықпен жабады. Олар барлық ойында тек жылдамдықтың арқасында жеңіп жүр деуге болады.

– Егер қарсы команданың сапынан бір ойыншыны өз командаңызға алуға мүмкіндігіңіз болса, кімді алар едіңіз?

Илья Меланич: – Менің басты кемшілігім, ойын кезінде қарсылас команданың сапына мүлдем назар аудармаймын. Өз ойыншыларымның ғана әрекеттеріне қараймын. Сондықтан, жаңа ойыншыларды тек жаттығу барысында тексеремін. Егер «Кампашка» сапындағы ойыншылар біздің команданың жаттығуына келер болса, мен оның қаншалықты «Зенитің» құрамына өте алатынын айта алар едім. Алайда, бұған дейін айтып өткенімдей, оларда шебер футболшылар баршылық.

Владимир Глевич: – Біздің, қарапайым тілмен айтқанда өз заңымыз бар – ешқашан сырттан ойыншы алмаймыз. «Наша Кампания» бұрыннан келе жатқан команда, футболшылары да ежелден бірге жаттығады. Тәрбиелеп жатқан жас буынымыз да бар. Бірақ оларға әлі мұндай деңгейде ойнау ертерек. Міне, аздап құрамымыздың әлсіреп қалғаны сондықтан. Оның үстіне, «Зенит» қалалық команда болмағандықтан, олардың ойыншыларын тани бермеймін. Рас, естуім бар, көбісі кәсіпқой деңгейде доп теуіп жүр. Алайда, өз басым ойындарын көрмеппін. Ал бір матчқа қарап, пікір білдіру дұрыс болмас.

– Қарсыластың қай ойыншысынан қауіп күтесіз?

Илья Меланич: – Менің есімде 19-нөмірдегі ойыншы қалып қойыпты. Шамасы, Эмиль Алиев болуы керек. Өте әккі шабуылшы. Қақпамызға екінші голды соққан да сол ғой. Міне, содан қауіптенемінн Қорғаушыларыма сол шабуылшыны қалайда тұсау керектігі туралы айтамын.

Владимир Глевич: – Сұхбатымның басында айтқандығымдай, оларда ойын тағдырын бір өзі шешіп кете алар ойыншы жоқ. «Зенит» команда ретінде мықты. Сондықтан, әр ойыншысынан абай болуымыз керек. Сонымен қатар, қорғанысы мен қақпашысын да атап өтер едім.

– Сұхбаттарыңызға рахмет! Әдемі ойын күтеміз!


Тізімге қайта оралу