|   |   |   |  Астана біріншілігінің таңдаулы құрамы жасалды

Астана біріншілігінің таңдаулы құрамы жасалды

Астана біріншілігінің таңдаулы құрамы жасалды
Қала біріншілігі бірінші кезеңінің таңдаулы құрамы

Футболдан Астана біріншілігі бірінші кезеңінің аяқталуына орай, sportsffа.kz порталы турнирдің осы кезеңіне дейінгі таңдаулы құрамын жасаған еді. Нағыз Dream team осындай болуы қажет.

Әлбетте, қай футболшыларды құрамға қосарымызды білмей әбден басымыз қатты. Редакцияда бұл жайында қызу пікіртластар да болды. Ақыры бір мәмілеге келіп, ойыншылардың белсенділігі мен қаншалықты пайдалы болғанына қарап, осындай команда жасақтап отырмыз. Келіспесеңіз, мақала астындағы комментарий бағанында өзіңіздің «Dream team»-ңізді жасақтап көріңіз. Ал біз 4-3-2-1 тактикасын таңдадық.

Бас бапкер – Илья Меланич (Зенит)

Биыл ғана үлкен додаға қосылған «Зениттің» сәтті өнер көрсетуінің құпиясы бас бапкерінде жатыр. Илья Меланичтің біліктілігі, командаға темірдей тәртіп орнатуы «Зенитті» бірден бірінші орынға шығарды. Әр кездесудің алдында қарсыласының тактикасын мұқият зерттейтін Илья Александрович командасын ойынға дайын етіп шығарып, матч барысында да сәтті өзгерістер енгізіп отырады.

Қақпашы – Серік Елубаев (Зенит)

«Школьниктегі» «Бағжан Қамбилов, «Астана-1964»-тегі Бейбіт Мамрайымов, «Наша Кампаниядағы» Римас Мартинкус, «Достардағы» Игорь Черных – қай-қайсысы болмасын, тасқамал қақпашылар. Дегенмен, осылардың арасында Серік Елубаевтың орны бөлек. Қақпада Елубаев тұрғанда «Зенитке» гол соғу өте қиын. Сондықтан шығар, бұл команда биылғы біріншіліктегі ең аз гол жіберген ұжым. Онда да қақпаға соғылған алты голдың үшеуі Серік алмасып кеткен кезде кірген.

Әділ Жақыпбаев өз қапталының үздігі

Сол қапталдағы қорғаушы – Асан Барлыбаев (Астана-1964)

Асан Барлыбаев — заманауи қапталдағы қорғаушының үлгісі. Қорғаныста да, қапталда да керемет ойнайтын әмбебап қорғаушыны әлемдік аренада «бавариялық» Давид Алаба немесе «барселоналық» Хорди Альбамен салыстыруға болады. Тек солардың сары түрі. Матч «сценариіне» қарай шабуылшы болып кететіні де бар.

Сол қапталдағы орталық қорғаушы – Максим Жалмағамбетов (Школьник)

Шынын айтсақ, «Школьниктің» бүкіл қорғанысын Максим Жалмағамбетов ұстап отыр. Әріптестерін сауатты басқара білетін тәжірибелі қорғаушы шабуыл шебінде де ұтқыр ойнайды. Стандартты сәттерде алға шығып, қарсы қақпаға қауіп төндіретіні де бар. Ал оның «Астана-1964» командасына баспен гол соғуын жанкүйерлер әлі ұзақ уақыт тамсана айтып жүретін шығар.

Оң қапталдағы орталық қорғаушы – Данияр Плотников (Зенит)

Данияр Плотниковты техникасы жетік ойыншы деп айта алмайсың. Дегенмен, өзінің жұмысын жақсы біледі. Допты көп ұстау әдетінде жоқ, бірден пас бере салады. Қорғаушы да осындай болуы керек қой. Аз уақыттың ішінде негізгі құрамнан ойып тұрып орын алған бұл жас ойыншысыз бүгінде «Зениттің» құрамын елестету өте қиын.

Оң қапталдағы қорғаушы – Әділ Жақыпбаев (Школьник)

Кәсіпқой клубтан кеткеннен кейін «Астананың» экс-қорғаушысы көп еңбектенді. Техникасын жетілдіріп, шеберлігін арттырды. Мұндайды өзіндік жұмыс десе керек. Кейін оны «Школьниктің» намысын жыртуға шақырды. Бүгінде оң қапталдағы латеральдің ойқастай шапқанына қарап, еріксіз «Астана» осы ойыншыны қайта шақырып алмас па екен» деген ойға шомады екенсің.

Қуаныш Әбдуәлиев орталық шептің патшасы
Қорғанысқа тірек болар шеп – Антон Чичулин (Достар)

Қысқы маусымды пайдалы өткізген Антон Чичулин тікелей міндетіне кірмесе де, біріншілік барысында 11 гол соғып үлгерді де, командасында сұрмергендер тізімін бастап тұр. Өткен маусымда «Атырауда» ойнаған Антон Премьер-лигадағы матчтардың басым бөлігіне қатысса да шаршамапты. «Оқжетпеспен» бірге оқу-жаттығу жиынына кеткенше қала біріншілігінде атой салып жүрді.

Қорғанысқа тірек болар шеп – Қуаныш Әбдуалиев (Астана-1964)

Елорда футбол мектебінің түлегі Қуаныш Әбдуалиев бір емес, екі фронтта ойнайтын қала біріншілігіндегі аз ғана ойыншылардың бірі. Футзалдан қала біріншілігінде «Есілдің» қызыл-ақ жейдесінің намысын қорғаса, «Астана-Аренада» сары-көк түске «боялады». Кейде бір күнде екі жақта да доп тебетін кездері де кездеседі. Дегенмен, екі жақта да жарты күшпен ойнап жатқанын көрмейсіз. Бар ынтасымен ойынға кірісетін Әбдуалиевтің пастары әрдайым адресатына жетіп, нәтижелі соққыларға айналып жатады.

Оң қапталдағы орталық жартылай қорғаушы – Әнуар Төкенов (Школьник)

Астананың үздік жартылай қорғаушыларының бірі Әнуар Төкенов өзін жасыл алаңда суда жүзген балықтай сезінеді. Оның деңгейі қала біріншілігінен асып кеткен десек, артық айтқандығымыз емес. Сондықтан да шығар, кейбір матчтарда оған мотивация жетіспей жатқан сияқты да көрінген. Бірақ, маңызды кездесулерге келгенде Төкеновті қосымша қайраудың қажеті де болмайтын.

Туған Хамхоевсіз "Достардың" ойыны мүлдем бөлек
Шабуылға бейім сол қапталдағы жартылай қорғаушы – Туған Хамхоев (Достар)

«Достардың» ойыны осы Туған Хамхоевке тіреліп тұр. Ол капитан, ол көшбасшы, ол командасының жүрегі. Рас, Хамхоев шабуылда мергендігімен көзге түсіп жүрген жоқ. Дегенмен, Мұрат Тілешев, Антон Чичулин, Мұрат Сүймағамбетов, Олжас Сүлейменов сынды саңлақтар ойнайтын командаға капитандық етудің өзі үлкен ерлік.

Шабуылға бейім оң қапталдағы жартылай қорғаушы – Ержан Мұхамедин (Школьник)

Азат Смағұлов, Дархан Юсупов, Асқат Баймулдаев, Сәбит Тұрсынбаев, Эльвин Аллаяров – қапталдағы шабуылшылардан-ақ қала біріншілігінің өзіндік символикалық құрамын жасақтап шығуға болады. Алайда, Хамхоевпен қатар біздің таңдауымыз Ержан Мұхамединге түсті. «Школьник» ойыншысы қапталмен ойқастағанда оны қорғаушылар тек ойын ережесін бұзып қана тоқтата алады.

Шабуылшы – Эмиль Алиев (Наша Кампания)

Жалғыз шабуылшының рөлін біздің командамызда Эмиль Алиев атқарады. «Наша Кампанияның» символикалық құрамдағы жалғыз өкілі мергендігімен танымал. 12 ойында 16 гол соғып, үздік сұрмергендер тізімін бастап тұр. Өкінішке қарай, командасы әзірге жақсы ойын көрсете алар емес. Оның 16 голы «Наша Кампанияны» бар болғаны 5-орынға көтерілді.

Резерв

Біріншіліктің Регламентіне сәйкес, әр матчқа командалар 23 футболшыдан тіркей алады. Сондықтан, біз осы орындардың барлығын толықтырып, қосалқы құрамға мына ойыншыларды қосуды жөн көрдік:

Қақпашы: Бағжан Қамбилов (Школьник).

Қорғаушылар: Нұржан Құрамжанов, Сергей Мокров (екеуі де – Достар), Данат Мұхамбетқалиев (Целиноград), Серік Қаппаров (Art Print).

Жартылай қорғаушылар: Азат Смағұлов, Асқат Баймулдаев (екеуі де – Школьник), Руслан Кенетаев (Наша Кампания), Ербол Изекенов (Астана-1964).

Шабуылшылар: Мұрат Тілешев (Достар), Эльвин Аллаяров (Зенит), Дидар Сыдықбек (Астана-1964).

Тізімге қайта оралу