|   |   |   |  Астана қаласының біріншілігі. Жүлдеге үміттілер іріктелді

Астана қаласының біріншілігі. Жүлдеге үміттілер іріктелді

Астана қаласының біріншілігі. Жүлдеге үміттілер іріктелді
Школьник - Достар 0:0

Футболдан Астана қаласы біріншілігінің бірінші кезеңі мәресіне жетті. Үздік алтылық анықталып, жүлделі орындарға таласатын командалар толық белгілі болды.

Өткен демалыс астаналық футболсүйер қауым үшін өте маңызды болды. Ойындардың тартысты өткені соншалық, «Астана-Арена» стадионында қала біріншілігі емес, құдды бір, әлем чемпионаты өтіп жатқандай әсер қалдырды.

12-ТУР.

Сенбі күні өткен ойындардың ішінде жанкүйерлер «Школьник» – «Достар» текетіресін күтті. Екі команда да көшбасшылар қатарында. Қала біріншілігінің қарымды командаларының бірі. Бауыржан Сейсенбеков бастаған «Школьник» жылдам шабуылға иек артса, Әділ Шанабаев жаттықтыратын «Достар» сапында кілең тәжірибелі ойыншылар жиналған. Олар қандай жағдайда болмасын ойын тізгінін өз қолдарында ұстауға тырысатын жігіттер.

Матч басында екі команданың да бапкерлері тек жеңіс үшін алаңға шығатындықтарын айтқан. Расымен де солай болды. «Барселона» жейдесін киген «Школьник» бірден гол соғып алуға тырысып, алға атойлағанымен «Достар» қорғаныста сауатты ойнап, қарсыластарын қақпасының маңына жуытқан жоқ. Өздері негізінен қарымта шабуылдарға иек артты. Сондай сәттердің бірінде Максим Жалмағамбетовты алдап өтіп, қақпаға қақырата доп тепкен шабуылшының соққысын «Школьник» қақпашысы Бағжан Камбилов әдемі қайтарды.

Осылайша бірін-бірі ала алмаған күйі үзіліске шыққан командалар екінші таймға жаңа күшпен кірісті. Бәрі де қызуқанды. Қит етсең төбелесіп кетуге дайын. Бас төреші Алексей Булучевский бастаған арбитрлар алқасына да оңай болған жоқ. Сәт сайын ойыншыларды тыныштандыруға мәжбүр болды. Ақыры есеп ашылмай, ойын тең аяқталды.

– Бұл жай ғана футбол болған жоқ. Тартыс пен текетіреске толы ойын болды. Егер ойын басында гол соғып алғанымызда ойын мүлдем басқаша мәнерде өрбитін еді. Бірақ «Достардың» да мықтылығын айта кету керек, жақсы қарсыласты, - деп ойыннан кейін «Школьник» командасының жартылай қорғаушысы Александр Богомолов өз ойымен бөлісті.

Сондай-ақ, аутсайдерлердің де ойыны тартысты өтті. 2:2 есебімен аяқталған №8 БЖСМОР-1997 мен «Целиноград» командалары арасындағы матчты айтып отырмыз. Спорт мектебінің балалары бұған дейін қатарынан үш ойында жеңілістің кермек дәмін татқан, «Целиноградтың» ұтылып жатқанына тіптен бес ойын болған. Сондықтан, осы ойында ұпай алуға тырысқан командалар жасыл алаңда жандарын сала ойнады. Бесінші және сегізінші минуттарда екі гол соғып алған жастар ойын тағдыры осымен шешілді деп ойласа керек, ерте босаңсып қалды. Нәтижесінде «Целиноградтың» су жаңа ойыншысы Ернар Құсайынов бірінші тайм бел ортасынан асқанда таблодағы есепті қысқартса, екінші таймда капитан Александр Черников таразы басын теңестіріп кетті.

Өзге ойындар көшбасшылардың жеңістерімен аяқталды. «Наша Кампания», «Зенит» және «Астана-1964» аутсайдерлерден еш қиындықсыз үш ұпайдан тартып алды.

Зенит – Наша Кампания 2:2. 

13-ТУР

Жексенбі күні өткен 13-турдың орталық кездесуі «Наша Кампания» мен «Зенит» арасында өткенімен ең маңызды матч «Art Print» – «Целинник» ойыны болатын. Бірі турнир кестесінде 6-шы, екіншісі 7-орынға орналасқан. Бірақ ұпайлары тең. Сондықтан, қайсысы жеңсе, сонысы үздік алтылыққа ілігетін. Алайда ардагерлерден құралған «Целинникті» жеңу «полиграфтар» үшін ешқандай қиындық туғызбады. Бірінші таймда-ақ жауапсыз бес гол соққан олар үзілістен кейін есепті еселеп, таблодағы көрсеткішті 9:1-ге жеткізді.

Енді осы турдың орталық ойыны туралы. Бұған дейін ұпай жоғалтпаған «Зенит» ақыры сүрінді. Илья Меланич шәкірттері үздік бестіктегі «Наша Кампаниямен» кездескен. Бастапқыда көпшілік «Зенит» қарсыласын қалпақша қайырып алады деп топшылаған. Өйткені, «Астана-1964» пен «Достарды», тіпті «Школьникті» тізерлеткен команда үшін «Кампашканы» жеңу еш қиындық тудырмауы тиіс болатын. Оның үстіне, «Наша Кампанияның» бірқатар ойыншылары матчқа келе алмады.

Алайда, ойын бірден «Кампашканың» шабуылымен басталып, 4-ші минутта-ақ есеп ашып кетті. Одан кейін «Зениттің» ойынынан мән кетіп, футболшылар не істерлерін білмей қалды. Қуаныштарына орай, айып алаңында қолмен ойнағаны үшін бас төреші Иван Припадчев «Наша Кампания» қақпасына пенальти белгілеп, оны Рамиз Аллахвердиев тура орындады.

Бірінші тайм 1:1 есебімен аяқталып, үзілістен кейін командалар тартысты қайта бастады. Бірақ бәрі де нәтижесіз шабуылдар. Кенет, 78-минутта айып алаңында «Наша Кампания» қорғаушысы тағы да қолмен ойнап, рефери саусағын нүктеге соза жүгірді. Тағы да Рамиз Аллахвердиев гол соқты.

Ойынның аяқталуына бір-ақ минут қалды. Оның үстіне, «Кампашка» бір ойыншыға кем қалған. Осымен бітті десті көпшілік. Алайда, соңғы шабуылда Эмиль Алиев қорғаушылардан сытылып шығып, допты қақпаға дәл тоғытты. Қорытынды есеп – 2:2.

Турдың сенсациясы «Достар» мен «Астана-98» арасында өтті. Бар күштерін кешегі ойынға жұмсап қойса керек, Әділ Шанабаев шәкірттері сылбыр қимылдап, жастарға 1:2 есебімен жол берді. Ал «Школьник» шаршамапты. «Астана-99» командасымен кездескен олар қарсыластарын 7:0 есебімен ойсырата жеңді. Дәл осындай гол айырмашылығымен «Астана-1964» командасы да жеңістерін атап өтті. Бұл жолы Данияр Абдуллаев бастаған жігіттер «Целиноград» командасын 8:1 есебімен тізерлетті.

Сонымен, қала біріншілігі бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша, үздік алтылыққа «Зенит», «Школьник», «Астана-1964», «Наша Кампания», «Достар» және «Art Print» ілікті. Өзгелері екінші топты құрайтын болады. Демек, бар қызық екінші кезеңде болайын деп тұр.

Қала біріншілігінің турнир кестесімен мына сілтеме бойынша таныса аласыздар:

Тізімге қайта оралу