|   |   |   |  Достар - Школьник. Қайсысының тактикасы табыс әкеледі?

Достар - Школьник. Қайсысының тактикасы табыс әкеледі?

Достар - Школьник. Қайсысының тактикасы табыс әкеледі?
Әділ Шанабаев VS Бауыржан Сейсенбеков

Осы демалыстың орталық туры «Достар» командасы мен «Школьник» арасында өтеді. Екі команда да бас жүлдеден басты үміткерлердің бірі. Сондықтан, екі ұжым да алаңға тек жеңіс үшін шығатындықтары анық. Осы орайда біз дәстүрге айналған сұрақтарымызды екі команданың бапкер-ойыншылары Әділ Шанабаев пен Бауыржан Сейсенбековке бағыттаған едік.

– Алдағы ойыннан не күтесіздер?

Әділ Шанабаев: – Алаңға тек жеңіс үшін шығамыз. Онсыз да бұған дейін біраз ұпай жоғалттық. Енді қателікке жол бермеуіміз қажет. «Школьникті» жеңіп, турнир кестесіндегі ұпай айырмашылығын қысқартуға тырысамыз. Әлбетте, турнир көшбасшыларының біріне қарсы ойнау оңайға соқпайтынын түсінеміз. Дегенмен, шегінерге жол жоқ. Бұл матч жанкүйерлерді көптеп жинап, біздің ойын оларға ләззат сыйлайды деп үміттенемін.

Бауыржан Сейсенбеков: – Бізге де жеңіс ауадай қажет. Жеңістен басқаны ойламаймыз. Оның үстіне, бірінші кезеңнен кейін командалардың ұпайлары екіге бөлінбек. Сондықтан, мүмкіндік туып тұрғанда неғұрлым көбірек ұпай жинап алуымыз қажет. Ойынға барынша тыңғылықты дайындалдық. Әлбетте, «Достардың» да құрамына мықты, тәжірибелі, шебер ойыншыларды жинаған қарымды команда екендіктерін жақсы білеміз. Олар да бас жүлдеден дәмелі. Дегенмен, мен өз жігіттеріме сенемін және алдағы ойын бізге жеңіс сыйлайды деп ойлаймын.

– Қарсыласыңызға қарсы қандай тактика қолданасыздар?

Әділ Шанабаев: – «Школьник» сапында жас футболшылар өте көп. Қолды-аяққа тұрмайтын шапшаң жігіттер. Сондықтан, оларды неғұрлым көбірек допсыз жүгіртіп қоюды ойлаймыз. Сол кезде шаршаулары тиіс. Өзіміз доп бақылауын өз қолымызда ұстап, сәті түскенде гол соғуды көздейміз.

Бауыржан Сейсенбеков: – Біз өз ойынымыздан танбаймыз. Басты ұстанымымыз – жылдам шабуылдар. Соның арқасында әр ойында бірнеше голдан соғып жүрміз. Осы жолы осы тактикамыз өзін ақтайды деп үміттенемін.

– Биылғы біріншіліктегі ең қиын ойын қайсысы болды?

Әділ Шанабаев: – Иә, біз «Зенит» пен «Астана-1964» командаларынан ұтылдық. Бірақ олардан ұтылуымызға өзіміз кінәліміз. Гол соғатын талай мүмкіндігіміз болған еді, қақпаға тоғыта алмадық. Ең қиын ойын №8 МБЖСМОР командасының 1997 жылғы жеткіншектеріне қарсы өткізген матч болды. Есепте екі рет алға шыққанбыз, екеуінде де теңестірді. Бағымызға орай, біздің құрамда Антон Чичулин бар. Жеңіс голын соғып, 3:2 есебімен жеңдік. Жас жігіттер бізді сол ойында жылдамдықтарымен жынымызды қоздырды.

Бауыржан Сейсенбеков: – 2:0 есебімен ұтқанымызға, одан бөлек екі пенальтиді соға алмағанымызға қарамастан ең қиын ойын «Астана-1964» командасына қарсы болды. Ойын өте жылдам мәнерде өрбіген. Егер біз емес, қарсыластар бірінші есеп ашқанда, онда ойын сценариі мүлдем басқаша болар ма еді?! Кездесуден кейін өзіміздің шынымен де шаршағанымызды сезіндік. Ал «Зениттен» ұтылып қалғанымызбен гол соғатын мүмкіндіктеріміз көп болды. Матч бойы шабуылдадық. Оның үстіне, болмашы гол жіберіп қойдық.

– Ерік сізде болса, қарсыласыңыздың сапынан қай ойыншыны өз командаңызға алар едіңіз?

Әділ Шанабаев: – Өзімнің «Достарымның» сапына көңілім толады. Ешнәрсені өзгертпес едім. Десек те, «Школьник» сапында біздің екі бұрынғы ойыншымыз ойнап жүр. Оның бірі Әнуар Төкенов, екіншісі Денис Прокопенко. Екеуі де басқа турнирлерде біздің команда үшін ойнайды. Қала біріншілігінде де осы екі жігітті өз құрамыма алып алар едім.

Бауыржан Сейсенбеков: – «Достардың» сапында қарымды, тәжірибелі ойыншылар өте көп. Қай-қайсысы болмасын, кез-келген команданы күшейтіп жібере алады. Маған «Достар» сапында бәрі ұнайды. Бірақ «Школьникте» ойнап жүрген жігіттерге ризамын, көңілім толады.

– Сұхбаттарыңызға рахмет! Сәттілік!



Тізімге қайта оралу