Чемпион тәжін шешті ме?

Чемпион тәжін шешті ме?
Астана-1964 - Зенит 1:2

«Достар» тырысып тоқтата алмаған, «Школьник» айқасып есе жіберген, «Целиноградты» тіпті сең соққандай күйге түсірген «Зенит» командасынан қала біріншілігінің өткен жылғы жеңімпазы «Астана-1964» те жеңілді. Осы демалыстың орталық кездесуіндегі ойында 2:1 есебі тіркелді.

Матчты «Астана-1964» қарқындырақ бастады. Оң қапталдан да, сол қапталдан да, тіпті алаң ортасынан Серік Елубаев қорғаған қақпаға жоспарлы түрде жорық жасаумен болған олардың ойлары жүзеге аса қоймады. «Зенит» қорғаушылары өте сауатты ойнап, өз алаңында артық әрекеттерге бармастан допты кері қайтарып отырды. Ал «Астана-1964» командасының қорғаушылары матчтың 27-минутында Дархан Юсуповтан көз жазып қалып, гол соғуға мүмкіндік беріп қойды.

Осыдан кейін есепті теңестіруге қанша тырысқандарымен Қуаныш Әбдуәлиев бастаған серкелердің шабуылда жолдары болмады. «Зенит» қақпашысы Серік Елубаевтың да тәжірибелігін айта кеткеніміз жөн. Оның қақпасының алдында өзін сенімді ұстауы, қорғаныстағы әріптестеріне қажет нұсқауларды беріп отыруы – бәрі-бәрі «Астана-1964» футболшыларын әбден састырды.

Үзілістен кейін де осы сценарий қайта жалғасты. Тек қарымта шабуылға иек артумен болған Илья Меланич шәкірттері 74-минутта есепті 2:0-ге жеткізді. Бас төреші Ғалымжан Кенжалинов «Астана-1964» қақпасына пенальти белгілеп, оны Вячеслав Эрбес тамаша орындады. Алайда, арада үш минут өтер-өтпестен «Зенит» кем құрамда қалып қойды. Жүйкесі тозып, екінші ескертуін алған Айдос Тоқтаров қызыл қағаз алып, алаңнан қуылып кете барды. Содан кейін ғана қарсыласының қорғанысын бұзып өте бастаған «Астана-1964» ойынның аяқталуына бір минут қалғанда есепті қысқарта алды. Қорытынды есеп – 2:1, «Зенит» чемпиондыққа нық қадам жасады.

Оларды өкшелеп «Школьник» келеді. Сенбі күні біріншіліктің тағы бір алпауыты «Наша Кампанияны» 3:1 есебімен жеңіп, олардың чемпиондыққа деген үміттерін біржола сөндірген «Школьник» жексенбіде турнир аутсайдері «№8 МБЖСМОР-2000» командасының қақпасына жауапсыз 14 доп соқты. Жалпы, тоғыз гол соққанды көргенбіз, тіпті 12 доп соғылған ойынға да куәміз. Бірақ қарсыласын 14:0 есебімен жеңген команданы осы біріншілікте әлі көрмеген едік, «Школьник» ол күнге де жеткізді.


Астана-1964 - Зенит 1:2

Қатарынан бес ойында жеңіске жеткен «Достар» командасы турнир кестесінде 3-орынға көтерілді. Осы жолы олар «Астана» футбол орталығының 1999 жылғы жеткіншектерін 6:3 есебімен жеңіп кетті.

Осылайша 11 турды да артта қалдырдық. Дәл қазір кімнің қай орынға таласып, қайсысының қай жүлдеден дәмелі екендіктерін де бағамдап қалдық. Дегенмен, алда әлі бір айналым бар. Одан кейін командалар екі топқа бөлініп, үздіктерді анықтамақ. Демек, чемпиондықтың мәселесі әлі шешілген жоқ деген сөз. Маусым ұзақ, кімнің шыдамы зор болса, соның жолы болмақ.

Қысқы біріншіліктің турнир кестесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады. 

Тізімге қайта оралу