|   |   |   |  Зенит VS Астана-1964. Қай мықтының мысы басым?

Зенит VS Астана-1964. Қай мықтының мысы басым?

Зенит VS Астана-1964. Қай мықтының мысы басым?
Серік Елубаев VS Қуаныш Әбдуәлиев

Футболдан Астана қаласы біріншілігінің осы аптадағы орталық кездесуі - «Зенит» пен «Астана-1964» арасында өтпек. Ойын еліміздің басты стадионы «Астана-Аренада» жексенбі күні кешкі сағат жетіде басталады.

Осы текетірестің алдында біз «Зенит» қақпашысы Серік Елубаев пен «Астана-1964» жартылай қорғаушысы Қуаныш Әбдуәлиевті сұхбатқа тартып, дәстүрлі төрт сұрағымызды қойған едік.

– Ертеңгі ойыннан не күтесіздер?

Серік Елубаев: – Кәсіпқой деңгейде ойнап жүрген мен үшін мұндай турнир таңсық болып тұр. Бір жағынан қызық екен. Ол командада менің достарым Асан Барлыбаев пен Ербол Изекенов ойнайды. Әлбетте, алаңға тек жеңіс үшін шығамыз. Тартысты ойын болады деп ойлаймын.

Қуаныш Әбдуалиев: – «Школьниктен» жеңіліп қалған бізге енді жағдайымызды түземесек болмайды. Бүкіл жанкүйер бізге қарап отыр. Сол ойыннан кейін біз команда болып, ұзақ сөйлестік. Қай жерден қате кеткенімізді сараладық. Өйткені, бұған дейін екі жыл қатарынан қала біріншілігінде де, Қазақстан біріншілігінде де қарсылас шақ келтірмей келген едік. Ертең біз алаңға тек жеңіс үшін шығамыз.

– Қарсыласыңыздың қай тұсы мықты, қай жерлері әлсіз?

Серік Елубаев: – Кәсіпқой деңгейде бірге доп теуіп жүрген футболшылар ғой бәрі де. Нашар ойнайтын ешкім жоқ. Жалпы, «Астана-1964» командасының бір ойынын көргенмін. Қорғаныста сауатты, шабуылда ширақ ойнайды екен. Бірақ, әлсіз тұстарын да байқадым. Оны ертеңгі ойыннан кейін айтып беремін.

Қуаныш Әбдуәлиев: – Шынын айтсам, «Зениттің» бір матчын да толық көрмеппін. Бірақ, бірінші орында келе жатқан команданың әлсіз жері болсын ба? Әлі бірде-бір ұпай жоғалтпапты ғой. Тіпті, «Школьникті» де ұтқан. Дегенмен, ертең алаңға шыққан соң көреміз. Міндетті түрде әлсіз жерін табамыз деп ойлаймын.

– Командаңыздың осы маусымда алдына қойған мақсаты қандай?

Серік Әбдуәлиев: – Тек қана чемпиондық.

Қуаныш Әбдуәлиев: – Біздің мақсатымыз бұдан да асқақ. Тек қала біріншілігінде жеңімпаз атанып қана қоймай, Қазақстан чемпионатына да қатысып, оны да ұтып алуды көздеп отырмыз. Кім біледі, егер осылай өз өрнегімізді көрсете берер болсақ, онда атқамінер ағаларымыздың көзіне түсіп, команданы қолдайтындар да табылар. Сөйтіп, Қазақстан Бірінші лигасында, тіпті Премьер-лигасында «Астана-1964» командасымен бірге доп теуіп қалармыз. Бір сөзбен айтқанда, тарихы бай командамызды дәстүрін қайта жалғастырғымыз келеді.

– Маусым фавориті кім?

Серік Әбдуәлиев: – Маусым фавориті бізбіз. Сондай-ақ, «Астана-1964» командасының да чемпиондықтан үміттері зор. Ал «Школьниктің» шамасын өз көзімізбен көрдік қой, алып бара жатқан дәнеңесі жоқ.

Қуаныш Әбдуәлиев: – Турнир кестесіне көз жүгіртіп көрдім. Егер ертең «Зениттен» ұтылып қалар болсақ, онда олар чемпион атануға нық қадам жасайды екен. Егер біз ұтсақ, онда турнир кестесіндегі жағдай тағы да шиеленісе түседі. Қазір біріншілікте бір емес, бес мықты команда бар. Бесеуі де фаворит. Ал қайсысының чемпион атанатынын келесі емес, алдағы турлар шешеді.

– Рахмет! Екі командаға да сәттілік!

Тізімге қайта оралу