|   |   |   |  Астана біріншілігінің ТОП-10 жұлдыз футболшысы

Астана біріншілігінің ТОП-10 жұлдыз футболшысы

Астана біріншілігінің ТОП-10 жұлдыз футболшысы
Астана біріншілігінің ТОП-10 жұлдызды футболшысы

Аяқдоптан Астана қаласының біріншілігінде ел футболында өзіндік орны бар жұлдыздар аз емес. Тіпті, кез-келген команданың қолтаңба алып, естелік суретке түсуге лайық өз ойыншылары бар. Осы орайда бүгін біз Астана біріншілігінің ТОП-10 жұлдызды футболшысының рейтингін түзбекпіз.

10-орын. Руслан КЕНЕТАЕВ («Наша Кампания», 27 жас)


Руслан Кенетаев Қазақстан жастар құрамасының сапында

Жұлдыздар шеруін Руслан Кенетаев ашып отыр. Премьер-лига деңгейінде өнер көрсетіп жүрген қала біріншілігіндегі бірнеше ойыншының бірі осы Руслан. 7 жасынан бастап футболды серік еткен Астана футбол мектебінің түлегі алғашқы кәсіпқой келісімшартын 16 жасында «Евразия» командасымен жасасқан. Одан кейін «Шахтер», «Ертіс», «Оқжетпес» сынды клубтарда доп тепті. Қазақстан жастар құрамасына шақыртылып, гол да соқты. 2011 Бүгінде қала біріншілігінде бірнеше тур өткізген еліміздің екі дүркін қола жүлдегері оқу-жаттығу жиынын өткізу үшін Шымкенттің «Ордабасы» командасымен Түркияға ұшып кетті.

9-орын, Дидар СЫДЫҚБЕК («Астана-1964», 22 жас)


Дидар Сыдықбек (капитан) "Астана-1964" сапында 

«Астана-1964» командасының капитанына кезінде Польша, Словения елдерінің клубтары қызықты. Алайда, «Кәртамыс құрлықты» бағындыруға Дидар Сыдықбекке жарақаты кедергі болды. Ал Қазақстанда Дидар «Ақтөбе», «Ордабасы» сынды командалардың сапында ойнады, еліміздің жастар құрамасына шақыртылды. Бірақ, өкінішке қарай, жас дарын кәсіпқой футболда өз талантын толық аша алмай, өткен жылдан бері әуесқой командаларда доп теуіп жүр.

8-орын. Александр ЛИСИН («Целинник», 44 года)


"Целинникке" адал Александр Лисин

Сан Саныч өзінің «туған» «Целиннигіне» адал футболшылардың қатарынан. Осында футболшылық карьерасын бастады, осында қазір де доп теуіп жүр. Естеріңізде шығар, 1994 жылдары (қала ол кезде әлі Ақмола деп аталатын) техникасы жетік қорғаушы ұлттық құрама сапына шақырту алып, 4 ойын өткізді. Бүгінде Александр Лисин «Астана» футбол клубының еншісіндегі «Астана» футбол орталығында қызмет етіп, балаларды жаттықтырады.

7-орын. Максим ЖАЛМАҒАМБЕТОВ («Школьник», 32 жас)


Максим Жалмағамбетовтың әдемі голы

Жетінші орынға Астана футбол мектебінің тағы бір түлегі Максим Жалмағамбетов жайғасты. Қазақстан ұлттық құрамасының тарихындағы ең үздік қорғаушылардың бірін сол кездегі бас бапкер Арно Пайперс қорғанысқа да, шабуылға да пайдаланды. Бойы екі метрге сәл-ақ жетпейтін Максим бас бапкердің үмітін ақтап, ұлттық құрама сапында 29 ойын өткізді, бір гол соқты. Сербиямен болған ойында Никола Жигичтің екі аяғына кісен салып, тұсаулап тастаған да осы қорғаушы болатын. Бүгінде Жалмағамбетов кәсіпқой футболмен қоштасқан. Өткен жылы соңғы ойынын өткізді. Енді бапкерлікпен айналыссам дейді. Ал әзірге қала біріншілігінде «Школьниктің» намысын жыртып жүр.

6-орын. Константин КОТОВ («Целинник», 42 жас)


Әрі бапкер, әрі ойыншы – Константин Котов

Бұрындары Костя Котов болушы еді, қазір оны жастар Владимирович деп атайды. Футболдағы алғашқы қадамын өзінің туған қаласы Ақтауда бастаған жартылай қорғаушы кейін Ресей чемпионатында доп тепті. Елге оралып, «Восток», «Жеңіс», «Шахтер», «Тобыл», «Ордабасы», «Тараз» сынды командалардың намысын қорғады. Ұлттық құрамамыздың да үздік ойыншыларының бірі болатын. Бүгінде «Астана» футбол клубының аясындағы «Астана» футбол орталығының жетекшісі.

5-орын. Мұрат СҮЙМАҒАБЕТОВ («Достар», 32 жас)


Мұрат Сүймағамбетов "Оқжетпес" сапында. Фото Тараз ФК сайтынан

Қолды-аяққа тұрмайтын жылдам ойыншы болатын. Жасыл алаңда ұшып жүргендей әсерде қалдыратын. Сонысына қарап әріптестеріміз оны «Су-27» атап кеткен. Елімізде ол ойнамаған команда да кемде-кем. Ақтаудың «Каспиінен» бастап, «Ордабасы», «Тобыл», «Шахтер», «Астана», «Локомотив», «Қайрат», «Тараз», «Восток», «Қыран» сынды командаларды аралап, ақыры Астананың әуесқой командасы «Достарға» келіп қонды. Иә, қазір бұрынғыдай ұшпайды, салмағы да біраз ауырлаған. Бірақ, жастармен тартысуға әлі де жағдайы жетеді.

4-орын. Антон ЧИЧУЛИН («Достар», 32 жас)


Антон Чичулин "Достар" сапында

2004 жылдар мен 2011 жылдар аралығында Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі болған Антон Чичулин бас команда сапында 24 ойын өткізіп, бір рет мергендігімен көзге түсіпті. Еліміздің екі дүркін чемпионы «Астана» мен «Ақтөбеге» Қазақстан чемпионатын ұтып алуға көмектескен. 2005 жылы «Жеңіспен» бірге ел кубогын жеңіп алған. 2010 жылы «Ақтөбе» сапында Суперкубоктың иегері атанды. Бейресми ақпараттарға сүйенсек, өткен маусымды «Атырау» сапында өткізген жартылай қорғаушыға бүгінде «Оқжетпес» пен «Ақжайық» көз тігіп отырған көрінеді.

3-орын. Айсұлтан НАЗАРБАЕВ («Школьник», 25 жас)


Айсұлтан Назарбаев "Школьник" сапында

Қазақстан Республикасы Президентінің немересі Айсұлтан Назарбаевты көпшілік қауым ойыншы ретінде емес, ел футболын дамытуға бағытталған өзіндік жоспары бар функционер ретінде танып жүр. Бірақ бұдан бөлек, Айсұлтан футбол әліппесімен Австрияда танысып, кейін әйгілі «Челсидің» академиясында болған. «Портсмут» жастарымен бірге жаттықты. Ал елімізде «Астана» футбол клубының қосалқы командасында ойнап, Қазақстан жасөспірімдер құрамасына шақыртылып жүрді. Бірақ, өкінішке қарай, ескі жарақаттары Айсұлтанның «футболшы болсам» деген арманын жоққа шығарды. Енді ол өзін функционер ретінде көрсетпек. Иә, осындай ойыншысы, осындай басшысы бар «Школьниктің» жолы болған екен.

2-орын. Мұрат ТІЛЕШЕВ («Достар», 35 жас)


Мұрат Тілешев "Достар" сапында

Астана қаласының біріншілігінен еліміздің үш дүркін чемпионын да кездестіруге болады. Иә, біз түзген жұлдыздар рейтингінде 2-орынға «Достар» командасының шабуылшысы Мұрат Тілешев орналасты. Еліміздің көптеген ТОП командаларында доп тепкен Мұрат үш рет Қазақстан чемпионатының үздік сұрмергені атанды. Алдағы маусымды Тілешев өзінің туған командасы «Таразда» өткізуі мүмкін. Әзірге әуесқой командасында ойнап, қала біріншілігінің көзайымы болып жүр.

1 орын. Исламбек ҚУАТ («Школьник», 23 жас)


Қуат Исламбек "Қайрат" ФК сапында. Фото "Қайрат" ФК сайтынан

Ал рейтингіміздің бірінші орнына әділетті түрде Исламбек Қуат орналасты. Иә, қала біріншілігіндегі басты жұлдыз бүгінде осы сары жігіт шығар. Неге дейсіз бе? Өз елімізді былай қойғанда, оны бүкіл Латвия таниды, Венгрия жанкүйерлерінің қорқынышты түсіне айналды. Ал Түркияда Исламбек – «халық қаһарманы». Сондай-ақ, Голландия қақпасына да гол соққан болатын. Өткен жылдан бері ұлттық құрамамыздың негізгі ойыншысы. Дегенмен, Исламбек Қуаттың бар жетістігі әлі алда деп сенеміз.

Әлбетте, ТОП ондыққа симай қалған Асқар Әбілдаев, Игорь Басманов, Марат Ысқақов, Қуаныш Әбдуәлиев, Олжас Сүлейменов сынды өзге де жұлдыздарымыз жетерлік. Дегенмен, маңыздысы танымал болуда емес, командаңа пайдаң тиюде.



Тізімге қайта оралу