|   |   |   |  Максим Жалмағамбетов "Алыптар айқасының" тағдырын шешті

Максим Жалмағамбетов "Алыптар айқасының" тағдырын шешті

Максим Жалмағамбетов "Алыптар айқасының" тағдырын шешті
"Школьник" Максим Жалмағамбетов командасын алға шығарды

Астанадағы «Алыптар айқасы» бірінші орынға «Зенитті» шығарып жіберді. «Школьник» пен «Астана-1964» арасында өткен тартысты матч алғашқыларының пайдасына 2:0 есебімен аяқталды. Дегенмен, бұдан да ірі есептің тіркелуі мүмкін еді.

«Астана-1964» ойынды қарқынды бастағанымен жылдам гол соғуға асыққан жоқ. Есесіне «Школьник» ойыншыларының көздерінен от жанып, жан-жағына жалын шашып, сәт-сайын қарсы қақпаға қауіп төндірумен болды. Нәтижесінде, бірінші тайм жартысына жетпей жатып-ақ, сары-көк жейделі жігіттердің жүйкелері сыр бере бастады. 

Кездесудің 22-минутында «Астана-1964» қақпасының маңында ойын ережесі бұзылып, бас төреші Тимур Кумашев ойланбастан саусағын нүктеге қарай созды. Бірақ «Школьник» жартылай қорғаушысы Азат Смағұлов пенальтиді орындай алған жоқ. Оның тепкен добы қақпашы Бейбітжан Мамрайымовтың қолынан табылды. Алайда «Астана-1964»-тің қуанышы ұзаққа созылған жоқ. Арада бес минут өткенде Азат Смағұлов бұрыштамадан әдемі пас асырып, оны Максим Жалмағамбетов қақпаға баспен дәл қадады. Есеп 1:0.

Голдың иісін дәмін сезіп алған «Школьник» екінші таймда тіптен өршелене түсіп, 57-минутта Ержан Мухамедин таблодағы көрсеткішті 2:0-ге жеткізді. Мұнымен тынышталған жоқ, кездесудің аяқталуына он минуттай уақыт қалғанда «Астана-1964» қақпасына тағы бір пенальти белгіленді. Бір қызығы, бұл жолы да 11-метрлік айып добы қақпаға енбеді. Нүктеге Қазыбек Ермекбаев жақындаған. Оның тепкен добы мүлдем қиыс кетті. Осылайша «Алыптардың айқасы» 2:0 есебімен аяқталып, осының арқасында «Зенит» жеке-дара көш басына шықты.

– Бар мәселе психологиялық дайындықта болған сияқты. Біз бұл текетіреске дайын болмай шықтық. Өзіміздің шеберлігіміздің арқасында жеңеміз деп ойлап едік, бірақ мұндай кездесулерде бірінші орынға шеберлік емес, психологиялық дайындық шығады екен. Дегенмен, әлі ешнәрсе жоғалтқан жоқпыз. Алдағы аптада «Зенитпен» кездесеміз. Егер ұтсақ, бірінші орынға біз шығамыз, - деді көңіл-күйінің жоқтығына қарамастан сұхбат беруге келіскен «Астана-1964» командасының капитаны Дидар Сыдықбек.


"Алыптар айқасы" көш басына "Зенитті" шығарды
Өз кезегінде «турнир алыптарына» риза болып, алғысын жаудырған «Зенит» өз ойындарының барлығын жеңіспен аяқтап жүр. Осы аптада алдымен «Art Print» командасын 3:0 есебімен тізе бүктіріп, ертеңінде «Целиноградты» 8:0 есебімен ойсырата жеңген «Зенит» басты бәсекелестерінен үш ұпайға озып кетті.

Бұл жерде «Целиноградқа» обал. Қатарынан төрт ойында ұтылған олар бірден 11-орынға түсіп қалды. Сондай-ақ, соңғы ойындарын сүреңсіз өткізіп жүрген «Art Print» пен ОМБЖОРМ командалары да турнир кестесінің тұңғиығына түсіп кетті.

Қала біріншілігінің турнир кестесімен және 8-9 тур ойындарының нәтижелерімен мына сілтеме бойынша таныса аласыздар.

Тізімге қайта оралу