|   |   |   |  Дидар Сыдықбек Айсұлтан Назарбаевтан қауіптенеді, ал Азат Смағұловқа керегі тек жеңіс

Дидар Сыдықбек Айсұлтан Назарбаевтан қауіптенеді, ал Азат Смағұловқа керегі тек жеңіс

Дидар Сыдықбек Айсұлтан Назарбаевтан қауіптенеді, ал Азат Смағұловқа керегі тек жеңіс
"Школьник" те, "Астана-1964" те алаңға тек жеңіс үшін шығады. Фото: Автордыкі

Бүгін еліміздің басты стадионы «Астана-Аренада» «Алыптар айқасы» өтпек. Қала біріншілігінің 8-туры аясында «Астана-1964» пен «Школьник» командалары кездеседі. Аталмыш текетірестің қарсаңында біз қос команданың бір-бір ойыншысына төрт бірдей сұрақты қойған едік.

«Астана-1964» тарапынан команда капитаны Дидар Сыдықбекті таңдасақ, «Школьник» сапынан жартылай қорғаушы Азат Смағұловты сұхбатқа тарттық.

– Бүгінгі қарсыластарыңызға қарсы ерекше дайындық жүргіздіңіздер ме?

Дидар Сыдықбек: – Ерекше дайындық болған жоқ. Алайда, жаттығуымызды үзген жоқпыз. Матчтың қаншалықты маңызды екенін түсінеміз. Мұндай ойындарда ең бастысы – психологиялық дайындық.

Азат Смағұлов: – «Астана-1964» командасына қарсы қалай дайындалғанымызды, алаңға қандай тактика қолданып шығатынымызды жария етпей-ақ қояйын. Мұның барлығы команда ішіндегі нәрселер. Иә, бізге бүгінгі ойында тек қана жеңіс керек. Әйтпесе, турнир кестесіндегі жағдайымыз қиындап кетеді.

– Қарсыластарыңыздың қай шебі күшті және қай қапталы керісінше, әлсіздеу?

Дидар Сыдықбек: – «Школьниктің» әлсіз тұсы жоқ-ау. Өздерінің мықтылықтарын көпшілікке дәлелдеп үлгерген команда ғой. Ал жартылай қорғанысы мен шабуылы қарымды. Әр ойында 5-6 голдан соғып үйренген команда.

Азат Смағұлов: – Шынын айтсам, биыл «Астана-1964» командасының бір ғана ойынын, онда да бір ғана таймын көріппін. Сондықтан, әлсіз немесе күшті тұстарын айта алмаймын. Бірақ, бұрыннан келе жатқан команда ғой. Ойыншылары бір-бірін жақсы түсінеді.

– Командаңызға бүгінгі қарсыластарыңыздың сапында кімнен сақ болу керек деп ойлайсыз?

Дидар Сыдықбек: – «Школьникте» қауіп туғызатын ойыншылар көп қой. Солардың ішінде Айсұлтан Назарбаевты ерекше атап өтер едім. Көбіне жартылай қорғаушы болып ойнап жүр. Пастары өткір. Бірінші кезекте қауіп осы ойыншыдан келуі мүмкін.

Азат Смағұлов: – Мен «Астана-1964» сапында Қуаныш Абдуалиевті атап өтер едім. Ол да жартылай қорғаушы. Тамаша пастардың иесі. Талай жыл кәсіпқой деңгейде ойнаған. Міне, біздің қорғаушыларға бүгін қалайда Әбдуәлиевті тұсап тастау керек.

– Ойын қандай есеппен аяқталады?

Дидар Сыдықбек: – Фаворит – «Школьник». Бірақ біз де намысқа тырысып, барымызды саламыз ғой. Жеңіске жету үшін бүгін бізге біраз тер төгу керек.

Азат Смағұлов: – Бізге тек қана жеңіс керек. «Школьник» жеңеді деп ойлаймын.

– Екі командаға да сәттілік тілеймін!

Тізімге қайта оралу