|   |   |   |  Астанада "Алыптар айқасы"

Астанада "Алыптар айқасы"

Астанада "Алыптар айқасы"
Асқар Бекенов "ҚазМұнайГаз" командасын өрге сүйреп жүр

 Алдағы сенбі және жексенбі күндері елордамызда футбол және футзалдан қала біріншіліктерінің кезекті турлары өтеді. Сондай-ақ, «Самұрық-Қазына» лигасы да көрермендеріне тартысты ойындарды тарту етпек.

«Астана-Арена» стадионында өтетін үлкен футболдан елорда біріншілігінің алдағы турлары біраз мәселенің бетін ашпақ. Мәселен, аптаның орталық кездесуінде «Школьник» пен «Астана-1964» командалары кездеседі. Екеуі де турнир көшбасшыларының қатарында. Бас жүлдеден басты үміткерлердің бірі. 

«Астана-1964» әлі жеңілмеген, тіпті осы уақытқа дейін бірде-бір ұпай жоғалтпаған команда. «Школьник» те осал емес. Рас, екінші турда турнирдің тағы бір лидерлерінің бірі «Зениттен» ұтылып қалған. Бірақ, соған қарамастан мамандар бұл команданы біріншіліктің басты фавориттерінің қатарына қосады. Әр ойында қарсыластарын оңдырмай жеңіп үйренген олар әккі «Астана-1964» командасының ұпайын тартып алуға шамасы жете ме? Осы демалыстың басты сұрағы осы болмақ. 

Сондай-ақ, «Достар» мен «Наша Кампания» арасындағы матч та тартысқа толы болайын деп тұр. Екі ұжымның да еншісінде 15 ұпайдан бар. Яғни, қайсысы жеңіске жетсе, сонысы жүлдегеталасты жалғастырады. Сәйкесінше, ұтылған команда жүлдеден үміттілердің қатарынан біржола шығып қалуы әбден мүмкін.


Қатарынан екі турда жеңілген "Целиноград" та енді ұпай жинауға тырыспақ
«Самұрық-Қазына» лигасының да өз «Алыптар айқасы» бар. Жексенбі күні «Астана» спорт кешенінде біріншілік көшбасшылары «КеденТрансСервис-ҚТЖ» мен «ҚазМұнайГаз РД» командалары кездеспек. Көпшілік бұл ойынды «чемпиондық матчқа» теліп үлгерді. Өйткені, екеуі де турнир кестесінің төріне жайғасқан командалар. Яғни, қайсысы жеңсе, сонысы Лига жеңімпазы атануы әбден мүмкін. 

Айтпақшы, осы уақытқа дейін барлық қарсыласын қалпақша қайырып келген «мұнайшылар» өткен турда күтпеген жерден үздік үштіктегі «Телекоммен» тең түсіп қалды. Енді осы жолы қай «тұлпардың» тұяғы сүрінер екен?

Сондай-ақ, жексенбі күні елордамыздың футболсүйер қауымы «Астана» спорт кешенінде футзалдан қала біріншілігін тамашалай алады. Қазір мұнда «Есілдің» дәурені жүріп тұр. Басты бәсекелестерінен үш ұпайға озып кеткен олар әлі жеңілмек түгілі ешкіммен тең түскен де жоқ. Ендігі мәселе «Бұл команданы тоқтата алар біреу бар ма?» деген сұраққа тіреліп тұр. Бұларға қарсы осы жексенбіде №8 ОМБЖСМОР командасы бағын сынап көреді. Сонымен қатар, «Ярыш» – «Достар», «Целиноград» – «Кеден» кездесуі көпшілік күткен текетірестердің қатарында.

Айта кетейік, бұл додалардың барлығы Астана қаласының футбол федерациясы аясында ұйымдастырылуда.    

Тізімге қайта оралу