|   |   |   |  Астана кубогы. Бас жүлдеге "Школьник" пен "Зенит" таласады

Астана кубогы. Бас жүлдеге "Школьник" пен "Зенит" таласады

Футболдан Астана кубогында ақтық ойынға жолдама алған екінші команда да белгілі болды. Пенальти сериясында жолдары болған «Школьник» енді 2 шілде күні Қажымұқан стадионында өтетін финалдық кездесуге дайындалады.

№8 МБЖСМОР-96 – Школьник 3:3, 3:4-пен.

Голдар: Дәулет Есбергенов 12, 62. Сырым Әлжікеев 80 – Ислам Ахметов 30, 80+5. Нұрбол Тоқпанов, 14.

№8 Мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі осы маусымға 1996 жылғы жастарын тыңғылыпты дайындапты. Бас бапкер ретінде білікті маман Владимир Глевичті тағайындаған. Бірінші минуттан бастап-ақ қарқынды шабуылға көшкен жастар қарсыластарының айбатынан қаймыққан жоқ. Есепті бірінші болып ашқан да өздері. 12-минутта әріптесінен әдемі пас алған «жасылдардың» лидері Дәулет Есбергенов айып алаңына ене сала «Школьник» қақпасын дәл көздеді. Дегенмен, қуаныштары ұзаққа созылмады. Арада екі минут өтер-өтпестен Нұрбол Тоқпанов таблодағы таразы басын теңестіріп кетті.

Үзіліске дейін астаналық «барселоналықтардың» кіп-кішкентай болса да, ширақ шабуылшысы Ислам Ахметов командасын алға шығарған. Дегенмен, екінші таймда спорт мектебінің жастары тізгінді толығымен өз қолдарына алды. Оңынан да, солынан да шабуылдап, «Школьник» қорғаушыларын әбден әбігерге салды.

– Бұл матч біз үшін өте ауыр болмақ. Өйткені, ширек финалда «Зенитке» қарсы ойында үш ойыншымыз алаңнан қуылған. Бұлар команданың негізгі ойыншылары еді, - деп матч басында Владимир Глевич сұхбат берген еді.

Бірақ командасының қиналып, зорығып жатқанын байқамадық. Қайта бір-бірімен әдемі пас алмасып, қарсыластарын допсыз әурелетіп қойды. Сондай сәттердің бірінде тыныш жүрмейтін Дәулет Есбергенов таразы басын теңестіре алды. Ал негізгі уақыттың соңғы минутында Сырым Әлжекеев Бағжан Қамбилов қорғаған «Школьник» қақпасына үшінші голды соқты.

Алайда, тәжірибенің аздығы осындайда байқалды. Жеңісті тым ерте тойлап кетсе керек, төреші қосқан бес минутта тым сылбыр тартып қалды. Қарсыласының босаңсығанын кешірмейтін Максим Жалмағамбетов шәкірттері соңғы секундттарда Ислам Ахметов соққан голмен жауап қайтарып, матчты овер-таймға жеткізді.

Одан әрі пенальти. Лотерея сериясында «Школьниктің» жолы болып, финалдың жолдамасын жұлып алды. Енді олар ақтық ойында «Зенит» командасымен кездесетін болады. Естеріңізге сала кетейік, өз кезегінде Илья Меланич шәкірттері жартылай финалда ардагерлерден құралған "Целинник" командасынан басым түскен-ді.

Тізімге қайта оралу