|   |   |   |  Астана біріншілігі. Турнир кестесінде көшбасшы алмасты

Астана біріншілігі. Турнир кестесінде көшбасшы алмасты

Кеше Астананың Қажымұқан атындағы орталық стадионында қала біріншілігінің 5-туры аясында үш ойын өтіп, турнир кестесіне өзгеріс енді.

«Астана» футбол орталығы әлсіз бе?

№8 МБЖСМОР-98 – Астана-98 2:1

Голдар: Нұрсұлтан Балтабаев, 48. Әлібек Тұрарбеков, 70 – Айдын Төлеубаев, 48.

Қызыл қағаз: Ақсұлтан Асаинов, 55. Әлішер Ыбраев, 75 (екеуі де – Астана-98).

№8 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебі мықты ма, әлде болашақ жұлдыздарды «Астана» футбол орталығында жақсы тәрбиелей ме? Бұл сұраққа бұрыннан жауап іздеп жүргенбіз. Иә, «Астананың» мүмкіндігі көп. Қаланың ғана емес, еліміздің дарынды жеткіншектерінің барлығы осында тәлім алуды армандайды. Өздеріне керекті ойыншыны оңай шақыртып алуға шамалары жетеді. Сондықтан, бір қараған адамға матч фавориті «Астана-98» командасы сияқты көрінуі мүмкін. Дегенмен, айта кетуіміз керек, бұлар өздерінің ең дарынды деген жігіттерін еліміздің Екінші лигасында ойнатып жүр. Нәтижелері жаман емес, турнир кестесінде 3-орында келеді. Ол жаққа ілікпегендері ғана Астана біріншілігінде тәжірибе жинақтауда.

Ойын «Астана» футбол орталығының жеткіншектерінің дөрекілігімен есте қалды. Бірінші минуттан-ақ қызып кеткен оларды бастапқыда бас төреші аяп жүргенімен шектен шығып бара жатқан соң ескертулер жасай бастады. Тым бағынбай бара жатқаннан кейін алаңнан екі ойыншысын қуды. Ал матч 2:1 есебімен спорт мектебінің пайдасына шешілді. 48-минутта екі команда жылдам голдар алмасса, ойынның аяқталуына 10 минут қалғанда Әлібек Тұрарбеков жасыл жейделілерге жеңіс сыйлады.

Спорт мектебінің тізгін ұстауы ұзаққа созыла ма?

№8 МБЖСМОР-96 – Целиноград 3:0

Голдар: Санжар Шәймерден, 8-пен. Павел Хапезов, 15. Дәулет Есбергенов, 30.

Кешегі ойындардан кейін турнир кестесінің көш басына спорт мектебінің тағы бір командасы жайғасты. Біріншілік басталғалы қарсылас шақ келтірмей келе жатқан №8 МБЖСМОР-96 жастары «Целиноградты» 3:0 есебімен жеңіп, басты бәсекелестері «Зенит» пен «Школьниктен» уақытша болса да, үш ұпайға ұзап кетті.

Үш гол да үзіліске дейін соғылды. Алдымен Санжар Шәймерден пенальтиден есеп ашса, араға жеті минут салып Павел Хапезов әдемі голдың авторы атанды. Ал 30-минутта Дәулет Есбергенов таблодағы көрсеткішті 3:0-ге жеткізді.

«Целиноградқа» бас төрешінің қарсы команда сапынан бір ойыншыны алаңнан қуғаны да, жаңа жейде де көмектеспеді. Рас, екінші таймда есепті қысқарту үшін жандарын салған. Бірақ шамалары жетпеді.

«Әулие-Атаның» алғашқы жеңісі

Әулие-Ата – Телеком 3:2

Голдар: Бағлан Мүлкібеков, 15. Руслан Есіркепов, 43. Аслан Манарбекұлы, 45 – Манат Тәшімов, 65. Михаил Шубин, 79-пен.

Қала біріншілігінің дебютанты «Әулие-ата» биылғы маусымдағы алғашқы ұпайларына қол жеткізді. Ұзақ үзілістен кейін Астана біріншілігіне қайта қосылған «Телекоммен» кездескен «Әулие-ата» бұл матчқа тыңғылықты дайындалған секілді. 15-минутта-ақ Азамат Мейрамов қорғаған қақпадан саңылау тапты. Екінші тайм бастала сала айналдырған екі минуттың ішінде тағы екі гол соқты. Алдымен Руслан Есіркепов есепті еселесе, Аслан Манарбекұлы таблодағы көрсеткішті 3:0-ге жеткізді.

Осыдан кейін ғана естерін жиған «байланысшылар» қарсылас қақпасына екі гол соға алды. Оны біреуі пенальтиден. Ал одан әріге «Телекомның» шамасы жетпеді.

Қала біріншілігінің турнир кестесімен мына сілтеме бойынша таныса аласыздар:

Тізімге қайта оралу