|   |   |   |  Астанада футбол фестивалі өтеді

Астанада футбол фестивалі өтеді

Астанада футбол фестивалі өтеді
Футбол фестивалі Астанада

Астана футбол федерациясы елорда Әкімдігімен бірлесе отырып, сәулетті қаламыздың тұрғындары мен қонақтары үшін Астана күні мерекесі аясында ұлан-асыр футбол мейрамын ұйымдастырады.

Футбол фестивалі 1-3 шілде күндері Қ.Мұңайтпасов атындағы Орталық стадионда өтеді. Басталу уақыты – 10:00.

Фестиваль бағдарламасы бойынша, Қазақстандағы мектеп оқушылары арасындағы ең ауқымды дода – Оқушылар лигасының финалдық ойындары өтеді. Финалда Астана мектептерінің өрімдей жас футболшылары ғана емес, сондай-ақ өздерінің білім беретін ордаларының намысын қорғайтын қыздар арасындағы құрамалар да додаға түседі!

Дәл осы күндері мемлекеттік қызметтердегі 30 команда да кеңседегі жұмсақ орындықтарын жасыл алаң мен теңбіл допқа алмастырады. Бұл ретте Астана футболына жан-жақты қолдау көрсетіп жүрген қала әкімі де өзгелерге үлгі болып, фестиваль аясындағы додаға қатысады.

Үш күндік марафон «Best for kids» қоғамдық қорымен бірге ұйымдастырылатын қайырымдылық турнирімен тәмамдалады. Онда Астана мен Ақмола облысындағы балалар үйлерінің 8 командасы елорда төрінде додаға түседі.

Астана футбол федерациясы мен Астана қаласының Әкімдігі теңбіл доп өнерін сүйетіндердің бәрін футбол фестиваліне шақырады. Барлық қонақтар үшін әр түрлі бәйгелер ұйымдастырылып, сан алуан жүлделер мен сыйлықтар таратылады. Кішкентай бүлдіршіндер де ойын-сауықтан шет қалмайды, стадион аумағында аниматорлар мен тегін батуттар жұмыс істейді.

Жасыл алаңдағы өздеріңіздің достарыңызды, білім алатын мектептеріңізді қолдауға; мастер-кластар мен әр түрлі бәйгелерге қатысуға; сыйлық алуға келіңіздер! Бәріміз бірге еліміздегі ең үздік футбол қаласымыз!

Тізімге қайта оралу