|   |   |   |  "Школьник" "Достарды" ойсырата жеңіп, кубокқа тағы бір қадам жақындады

"Школьник" "Достарды" ойсырата жеңіп, кубокқа тағы бір қадам жақындады

Астана қаласы кубогының жартылай финалына шыққан командалардың барлығы да анықталды. Кеше ең соңғы болып, жолдамаға «Школьник» командасы қол жеткізді.

Школьник – Достар 4:1

Голдар: Ислам Ахметов, 6. Байқоңыр Ыдырысов, 47. Ержан Мұхамедин, 63. Қуаныш Абдуалиев, 68.

Ойынның 4-минутында Олжас Сүлейменов (Д) пенальти соға алмады.

Жазғы маусымда бұл командалар өзара бір кездесу өткізіп үлгерген. Сол матчта «Школьниктің» 5:0 есебімен ойсырата жеңгені әлі есімізде. Бұл жолы Әділ Шанабаев шәкірттері қарымта қайтарар деп ойлағанбыз. Алайда, алғашқы минуттардан-ақ Максим Жалмағамбетов бастаған жігіттердің қарқындылықтары байқалды. Кездесудің 6-минутында әріптесінен әдемі пас алған Ислам Ахметов мергендігімен көзге түсті. Бұдан кейін таразы басын теңестіруге тырысқан «Достар» тайлы-тұяғымен шабуылға лап қойды. Бірақ Бағжан Қамбилов қорғаған қақпадан саңылау таба алған жоқ.

Екінші таймда «Достар» алғы шепті тіптен күшейтті. Доп біраз уақыттай «Школьниктің» айып алаңынан шықпай қойды. Дегенмен, Жалмағамбетов жігіттері қарымта шабуылдармен-ақ Темірлан Жүнісов қақпасына тағы үш гол соқты. Тек содан кейін ғана намысқа тырысқан Шанабаев шәкірттері Ринат Махатов соққан бір голмен жауап бере алды.

Осылайша жартылай финалда «Школьник» пен №8 МБЖСМОР-96 кездессе, екінші жұпты «Зенит» пен «Целинник» командалары құрайды.

Тізімге қайта оралу