23 маусым – Қазақстан полициясының күні. Осыған орай Астана қаласының Ішкі істер департаменті мен қала әкімдігі елордамыздың Қажымұқан атындағы орталық стадионында футболдан жолдастық кездесу өткізді.
Тәртіп сақшыларының футболын күнде көре бермейсің. Халықтың қауіпсіздігі үшін әр жерде қызмет ететін олардың босаңсып, еркін көсілгені осы күн болды. Әкімдік те сол секілді. Күнде доп тебе бермейді. Сондықтан, екі жауапты қызметтің тізгінін ұстаған жандардың ойынын көруге келген жанкүйерлер де көп болды. Қажымұқан стадионының батыс трибунасы көрерменге толып, әрқайсысы өз әріптестеріне қызу қолдау көрсетіп отырды.
Ал ІІД мен Әкімдіктің жолдастық кездесуді дәстүрге айналдырғанына биыл екінші рет. Былтырғы матчта командалар «итжығыс» түсіп, таблода 2:2 есебі тіркелген болатын. Сондықтан, биылғы ойын былтырғы кездесудің жалғасы іспеттес болды.
Сонымен, ойын өте қарқынды басталды. Алғашқы минуттарда әкімдіктің шабуылшылары белсенділік танытып, «полицейлердің» қорғаушыларын әбден әбігерге салған. Бірақ көп өтпей, ойын жағдайы теңесті. Жаңбырдан кейінгі алаңның тайғанақтығы да футболшыларға әсер еткен секілді, доп аяқта дұрыс тұрақтамай, қашып кете берді. Осылайша бірінші таймда есеп сол күйі ашылмады.
Бірінші таймда қарсылас қақпасынан саңылау таба алмаған Ішкі істер департаментінің командасы үзілістен кейін шабуылдарын күшейтіп, Әкімдік қақпасына екі гол соқты. Алдымен Берік Ташмағамбетов есеп ашса, ойынның аяқталуына 10 минуттай қалғанда Әсет Яшев есепті 2:0-ге жеткізді.
Ұйымдастырушылардың дайындаған тосын сыйлары да бар екен. Ойын аяқталған соң матчтың үздік төрт ойыншысы марапатталды.
Үздік қорғаушы – Жеңіс Бектаев (ІІД командасы, Астана қаласы ІІД Орталық жедел басқару бөлімінің басшысы)
Үздік жартылай қорғаушы – Ардақ Амантаев (ІІД командасы, Астана қаласы ІІД Оқу-жаттығу ротасы командирінің орынбасары)
Үздік шабуылшы – Серік Ыбраев (ІІД командасы, Астана қаласы ІІД Тергеу басқармасының бөлім басшысы)
Үздік ойыншы – Ербол Қошанов (Әкімдік командасы, Астана қаласы №8 МБЖСМОР директоры)
Данияр Еңсепов, ІІД командасының капитаны (Астана қаласы ІІД ЖҚАЖ испекторы):

– Ойынға қалай дайындалған едіңіздер?
– Өзіміздің «Кеден» деген командамыз бар. Қыста Астана футбол федерациясы ұйымдастырған футзалдан қала біріншілігіне қатысып, екінші орын алғанбыз. Әрдайым бас қосып жаттығулар жасап тұрамыз. Өзіміздің ішкі турнирлеріміз де бар. Сондықтан, полицейлер әрдайым бабында.
Айдын Тоқбаев, «Әкімдік» командасының бас бапкері (№9 МБЖСМОР директоры):

– Бұл матчқа қарағанда өткен жылы жеңіске бір табан жақын болған едіңіздер...
– Иә, ол кезде 2:0 есебімен ұтып жатып, ойын соңына таман босаңсып қалдық та, таразы басын теңестіруге мүмкіндік беріп қойдық. Бір жыл ішінде Ішкі істер департаментінің футбол командасы едәуір күшейген екен. Біздің де шеберлігіміз артты. Алдағы уақытта қарымта қайтарар сәт туады деп сенемін.