|   |   |   |  Астана біріншілігінің ТОП-10 көшбасшысы

Астана біріншілігінің ТОП-10 көшбасшысы

Астана біріншілігінің ТОП-10 көшбасшысы
Қала біріншілігінің ТОП-10 лидері

Ескерту: Рейтингке «Целинник» ойыншыларын қосқан жоқпыз. Өйткені, ондай жағдайда «ардагерлер» командасының барлық ойыншысын тізімге қосуымызға тура келер еді.

10-орын. Дәулет Есбергенов (№8 МБЖСМОР-1996)

Дәулет Есбергенов

Жиырма жасар Дәулет Есбергеновті байқап жүргенімізге көп болды. Өткен жылмен салыстырғанда шеберлігі едәуір артқан, көшбасшылық қабілетінің де күшейгенін айта кетуіміз керек. Рас, спорт мектебі түлектерінің ешқайсысы да оңай шағылар жаңғақ емес. Әрқайсысының өз адуын мінездері бар. Бәрі де өз алдына бір сойқан. Оған біз кубоктық кездесудің 1/8-финалы аясындағы «Рузаевкаға» қарсы ойында екі ойыншысы алаңнан қуылғанда көз жеткізгенбіз. Міне, сондай сәттерде командасын сабырға шақыратын осы Дәулет Есбергенов.  

9-орын. Самат Жұмабаев (Телеком)

Самат Жұмабаев

«Байланысшылар» капитанының өзгелерден артықшылығы сол, алдағы болатын нәрсенің барлығын бес күн бұрын болжап, жай-жапсарды алдын-ала ойластырып отырады. Сондықтан шығар, Дамирдің екі аттап, биге шығып кетіп жатқан кездері аз емес. Кез-келген тығырықтан еш қиындықсыз шыға білетін Жарымбетовты осындай қабілеті үшін командаластары көшбасшы етіп сайлап қойған.

8-орын. Серік Қаппаров (Арт Принт)

Серік Қаппаров

«Баспашылардың» ойыны көп жағдайда осы ойыншыға байланысты. Қорғаныстың тірегі, команданың жүрегі. Кезінде Семейдің «Спартагы» мен Теміртаудың «Шахтер-Болатында» ойнаған қорғаушының кәсіпқой клубы «Астана-1964» болған. Содан бері елордада қалып қойды. Ал қазір «Арт Принттің» қорғанысын бұл жігітсіз елестету мүмкін емес.

7-орын. Бейбітжан Мамырайымов (Школьник)

Бейбітжан Мамырайымов

Шыны керек, «Школьниктің» қазіргі ойыны Ержан Мұхамединге емес, Азат Смағұловқа емес, тіпті Байқоңыр Ыдырысовқа да емес, қақпашы Бейбітжан Мамырайымовқа байланып тұр. Бейбіттің қақпадағы жанкешті ойыны өз командасын алға сүйреп қана жүрген жоқ, өзге командаларды да састырып жүр.

6-орын. Туған Хамхоев (Достар)

Туған Хамхоев

Көшбасшы болу үшін қарсыластарыңа айқайлап, әріптестеріңе әңгіртаяқ орнату міндетті емес. Көшбасшы болу үшін міндетті түрде капитан болудың да қажеті жоқ. Харизма – бұл туа бітті қонатын қасиет. «Достардың» дүлдүлі Туған Хамхоевқа қарап, түйгеніміз осы.

5-орын. Жасұлан Омаров (Достар)

Жасұлан Омаров

«Достар» командасында бәрі де өз алдына бір лидер. Міне, солардың барлығына бас болып, капитандық міндетті абыроймен атқарып жүрген Жасұлан Омаровтың көшбасшылық қабілетін осылай-ақ байқауға болады. Кезінде мамандық таңдауда (тәртіп қызметі) қателеспеген Жасұлан Омаровтың еңселі тұлғасының өзі «менің ғана сөзім жүреді» деп тұрғандай.

4-орын. Дмитрий Юрьев (Зенит)

Денис Юрьев Зенит

Жас кезін көрген жоқпыз, бірақ қырыққа тақаған шағында Дмитрий Юрьевтің қаншалықты харизматикалық лидерге айналғанын көріп отырмыз. Қала біріншілігінің көшбасшысы «Зенитті» алға сүйреп қана жүрген жоқ, осы командаға жетекшілік етуде.

3-орын. Әнуар Төкенов (Школьник)

Әнуар Төкенов

Рас, Әнуар Төкенов Астана біріншілігіндегі ең байсалды, тыныш ойыншылардың бірі. Алайда оның алаңдағы, алаң сыртындағы беделі өз командасының әрдайым жоғары орындарда жүруіне ықпал етіп жатады.

2-орын. Данат Мұхаметгалиев (Целиноград)

Данат Мұхаметғалиев

Команда шамасы жетпей, жеңіліп жатқанда жалаңаш жауға шабатын ойыншылардың бірі – Данат Мұхаметғалиев. Осы ойыншының харизмалық қасиетінің арқасында «Целиноград» қала біріншілігінде қарсыластарына әжептеуір қарсылық көрсетіп жатыр.

1-орын. Олжас Сүлейменов (Достар)

Олжас Сүлейменов футбол

Жасы ұлғайған сайын Олжас Сүлейменовтің шеберлігі ғана емес, көшбасшылық қасиеті де өсіп келеді. Қазір оның бір ғана көзбен атып қарағаны қай команданың ойыншысын болмасын састырып жібереді. Егер бір кездердегі жарақаты болмағанда, бүгінде еліміздің ең үздік клубтарының бірінде ойнап жүрер ме еді.

Тізімге қайта оралу