|   |   |   |  Қажымұқан стадионындағы ширек финал текетірестері

Қажымұқан стадионындағы ширек финал текетірестері

Қажымұқан стадионындағы ширек финал текетірестері
Зенит - Әулие-Ата 3:0

Астана қаласы кубогының жартылай финалына жолдама алған 3 команда анықталды. Олар: «Целинник», «№8-МБЖСМОР-96» және «Зенит». Жартылай финалға шығатын төртінші команда 23 маусым күні "Астана-Аренада" "Достар" мен "Школьник" арасындағы матчта анықталады.

«Қажымұқандағы» қақтығыстар

Жексенбінің кешінде елордамыздың Қажымұқан атындағы стадионында қала кубогының ширек финалы аясындағы үш кездесу өтті. Жалпы, бұған дейінгі ойындар «Астана-Аренада» өтетін. Сондықтан, жасанды алаңда ойнап үйреніп қалған футболшыларға табиғи шөпте бірден жүгіріп кету оңай болмады. Кейбіреулері өздерінің наразылықтарын білдіріп те жатты.

Сергей Надточей

–          Біз «Астана-Аренаға» үйреніп қалғанбыз. Ал Қажымұқан стадионындағы ойын мүлдем бөлек. Алаң кедір-бұдыр. Кезінде еліміздің ең үздік стадиондарының бірі еді. Қазір тозығы жете бастапты. Допты қабылдау қиын. Пасты дұрыс бере алмайсың. Доп қалағаныңша жүгірмейді, - деп назданды «Зенит» – «Әулие-Ата» кездесуінен кейін бірінші голдың авторы Сергей Надточей.

–          Дегенмен, еш қиындықсыз 3:0 есебімен жеңдіңіздер ғой...

–          Оңай жеңіс деп айтпас ем. Иә, қарсылас аса қиындық тудырған жоқ. Дегенмен, алаңның сапасы жүйке тоздырып жіберді. «Астана-Аренада» допты бірден ырқыңа көндіресің ғой. Мұнда пас қабылдау барысында екі-үш рет жанасып барып, допқа ие боласың.

«Зенит» «Әулие-Атаны» алып ұрды

Ал енді ойындарға тоқталайық. «Зениттің» биылғы қарымы қатты. Қысқы маусымда бірінші орында келе жатып, екінші кезеңде қара басқан Илья Меланич шәкірттері жазғы маусымға тыңғылықты дайындалған секілді. Қала біріншілігінде қарсылас шақ келтірер емес. Міне, елорда кубогында да алдына келгенін алып ұруда. Бұл жолы «Әулие-Атаның» қақпасына жауапсыз 3 гол соқты. Кездесудің басында Сергей Надточей есеп ашса, екінші таймда айналдырған екі минутта Айдос Тоқтаров пен Дархан Юсупов бір-бір голдан соғып, «Әулие-Атаға» «жедел жәрдемнің» нөмірі қандай екенін көрсетті.

Зенит – Әулие-Ата 3:0

Голдар: Сергей Надточей, 11. Айдос Тоқтаров, 63. Дархан Юсупов, 65.

Қызыл қағаз: Аслан Манарбекұлы 22 (Ә)

Бұл жігіттердің болашағы бар

№8 Мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің 1996 жылғы жастары. Менің түсінігімде футболмен айналысқан бұл жастағы жігіттер кемі Бірінші лигада ойнаулары керек. Ал Еуропа чемпионатын қарап жатқан шығарсыз. 1997 жылғы жастар, 19-ға әлі толмаған жігіттер өз құрамаларын өрге сүйреп жүр. 

Сондықтан, Спорт мектебінің командасы осы маусымда жүлдегерлер қатарынан көрінбесе, онда... білмеймін, не айтарымды да. Әзірге қала біріншіліктеріндегі аяқ алыстары жаман емес. Дегенмен, бұларды «Рузаевка», «Зенит», «Достар», «Школьник» сынды мықтылармен кездесуін көргім келген. Көрдім. Мықтылықтарына көзім жетті. Екінші лигада үздіктер қатарынан келе жатқан «Рузаевканы» 5:2 есебімен тізерлетті.

Есепті бірінші болып «Рузаевка» ашқан. Үшінші минутта-ақ Абылай Ахмет гол соқты. Алайда, №8 МБЖСМОР-96 жігіттері еңселерін түсірген жоқ. 17-минутта Қуат Сексембаев таразы басын теңестірсе, 23-минутта Дәулет Есбергенов командасын алға шығарып, көп ұзамай «Рузавка» қақпасына тағы бір гол соқты.

Осыдан кейін екі команда да дөрекі ойнай бастады. Бас төреші Саят Қарабаев та ешкімді аяған жоқ. Алдымен 35-минутта №8 МБЖСМОР-96 ойыншысы Біржан Қуандықовты алаңнан қуса, екінші таймда тағы үш футболшыға қызыл қағаз көрсетті. Оның екеуі тағы да спорт мектебінің шәкірттеріне бұйырды. Соған қарамастан, сегіз футболшымен ойнаса да жеңіске жетті. Демек, бұл жігіттерде жігерлік бар. Болашақтарынан үміт күтуге болады. Бәрі де өз қолдарында.

№8 МБЖСМОР-96 – Рузаевка 5:2

Голдар: Абылай Ахмет 3, 51 – Дәулет Есбергенов 23, 33, 49, 65. Қуат Сексембаев, 17.

Қызыл қағаздар: Сұлтан Құлмағанбетов 60 – Біржан Қуандықов 35. Қуат Сексембаев 52. Айзат Береембаев 60.

Целиноградқа уақыт аздық етті

Құрамы «қара маржандармен» күшейтілген «Целиноград» өз ойынын әлі таппай жүр. Рас, осы жолы «Целинникке» қарсы тәп-тәуір ойнады. 0:3 есебімен жеңіліп жатқан жерінен есепті минимумға дейін қысқарта алды. Бірақ одан әріге шамалары жетпеді. Тіпті, бас төрешінің «Целинник» сапынан бір ойыншыны алаңнан қуғаны да көмектеспеді. «Ардагерлер» шаршап қалды. Оның үстіне, кем құрамда ойнау қиындық туғызды. Әйтпесе, Александр Черников шәкірттері екі гол соға алмас па еді.

Целиноград – Целинник 2:3

Голдар: Имара Чукс 62, 68-пен. – Сапар Қарынбаев, 17. Тимур Нұрғалиев, 78. Евгений Калыков, 57.

Қызыл қағаз: Андрей Гонтов, 50 (Целинник).


Тізімге қайта оралу