|   |   |   |  Астана біріншілігі. Бас жүлдеден кімдер үміткер?

Астана біріншілігі. Бас жүлдеден кімдер үміткер?

Астана қаласының біріншілігінде биыл бас жүлдеге «Зенит», «Школьник» және «Рузаевка» командалары таласатын сияқты. Бұл үшеуіне Астанада әзірге қарсылас шақ келер емес. Дегенмен, тағы екі команданы естен шығаруға болмайды.

«Зенит» қысқы сәтсіздіктің кегін қайтара ала ма?

Меніңше, басты үміткер «Зенит» болуы тиіс. Оларды бірінші турда «Достарды» қалай оңай ұтқанын көрдік. Одан кейін тегеурінді «Телекомды» да тізерлетіп, спорт мектебінің 2000 жылғы жеткіншектерінің қақпасына жауапсыз сегіз гол соқты. Кеше де Илья Меланич шәкірттері жасыл алаңда көсіле шапты. Қарсыласы «Целинник» болатын. Жазғы маусымға тыңғылықты дайындалған ардагерлер құрамын да біраз күшейткен. Бірақ «Зенитке» қарсы еш айла қолдана алмады. Бірінші таймда-ақ қақпаларына жауапсыз алты гол жіберіп алып, үзілістен кейін ғана аздап есін жиған еді. Бұл уақытта Меланич жігіттері де аздап босаңсып, қарсыласына ойнауға мүмкіндік берген. Қорытынды есеп 8:1. Осылайша «Зенит» көш басындағы «Школьникті» қуып жетті.

Зенит Астана әуесқой футбол
"Зенит" тізгінді ұстап тұра ала ма? 

«Школьникті» Максим Жалмағамбетов жеңіске жетелеуде

Қысқы маусымда бас бапкерлік міндетті жас маман Бауыржан Сейсенбеков атқарған. Команда тәуір нәтиже көрсетіп, 3-орынды иемденгені есімізде. Бірақ Айсұлтан Назарбаевтың өзі жетекшілік ететін команданың көксегені ол емес, одан да жоғары. Сондықтан, жазғы маусымда Сейсенбековке көмекке Максим Жалмағамбетов келді. Былтыр кәсіпқой футболдағы ғұмырын аяқтаған Максим биылдан бастап жаттықтырушылыққа мықтап кіріскен секілді. Алдымен «Школьниктен» бастап көруді жөн санаған оның бастамасы әзірге жаман емес. Төрт турдан кейін команда ұпайдан шашау шығармай, барлық ойында жеңіске жетті. Тіпті, басты бәсекелестерінің бірі «Достарды» да 5:0 есебімен ойсырата жеңді.

Школьник футбол командасы Астана
"Школьниктің" биыл бас жүлдеден дәмесі зор

«Рузаевка» «екі кеменің» басын қатар ұстай ала ма?

Қала біріншілігінен бөлек, Қазақстанның Екінші лигасында да бақ сынап жатқан «Рузаевка» әзірге жұмбақ командалардың бірі. Екінші лигада жеңіспен бірге жеңілісі қатар жүрген бұл команда қала біріншілігінде әзірге үш-ақ кездесу өткізген. Алдымен «Әулие-Атаның» қақпасына жауапсыз алты гол соққанда «мәссаған, міне команда» дестік. Бірақ, бірінші турдың кейінге шегерілген кездесуінде «Астана-99» командасын 1:0 есебімен әзер жеңгенде солтүстік қазақстандықтардың әлеуетіне аздап күмән келтіріп қалдық. Рас, құрамын африкалық «қара маржандармен» толықтырған «Целиноградты» 5:1 есебімен ойсыратты. Алайда, бұл да олардың қаншалықты мықты екендіктерінің көрсеткіші емес. Олардың маңызды кездесулері әлі алда. Егер «Достар», «Зенит» немесе «Школьникпен» терезесі тең ойнап жатса, онда «Рузаевканы» бірауыздан фавориттер қатарына жатқызуға болады.

Рузаевка Екінші лига
"Рузаевканың" нағыз әлеуеті біз үшін әлі де жұмбақ

№8-МБЖСМОР-96. Жастар жарқырайтын кезі келді.

Рас, барлық ойында максималды ұпай жинаған тағы бір команда бар. Дегенмен, шыны керек, №8 МБЖСМОР-дың 1996 жылғы жастары әлі өздеріне лайықты қарсыласпен кезіккен жоқ. Әзірге «Телеком», «Целинник» және «Әулие-Атамен» кездесіп, жеңіске жетті. Бірақ олардың да қаншалықты қарымды екендіктерін көшбасшыларға қарсы ойындарда көреміз.

Жалпы, бұл команданың дені 20 жастағы жігіттер. Шынтуайтына келгенде бұлар қала біріншілігінде емес, кемі Қазақстан Бірінші лигасында ойнаулары тиіс. Ал батыста бұл жастағы футболшылар қазір өз елдерін Еуропа чемпионаттарында өрге сүйреп жүр. Сондықтан, 20 жасқа келгенше қала біріншілігінен аса алмаулары өздеріне сын. Ойнаған екен, демек қарсылас шақ келтірмей, алдына келгенін қалпақпен қайырып алатындай болулары тиіс.

№8 МБЖСМОР Астана футбол
"Жастардың" жарқылдайтын кезі осы

"Достар" додаға енді қосылды

Басты бәсекелестері "Зениттен" 0:3 және "Школьниктен" 0:5 есебімен оңбай ұтылған "Достар" өз жағдайларын біраз қиындатып алды. Бірақ, Әділ Шанабаев шәкірттерінің әлеуеттерін жақсы білеміз. Олар бірінші кезеңді жүрдім-бардым өткізгенімен нағыз бабына екінші кезеңде енеді. Қысқы маусымда көргенбіз. Біріншіліктің жартысын ала-құла өткізіп, екінші жартысында қаһарына мінген. Тіпті, бас жүлдені жұлып алуға шақ қалды. Сондықтан, "Достарды" бас жүлдеден үміткерлер тізімінен сызып тастауға болмайды. Оның үстіне, екі жеңілісінен бөлек, екі жеңістері бар. Бүгін "Арт Принт" командасын оп-оңай 3:0 есебімен тізерлетті. 

Достар Астана футбол командасы
"Достар" додаға енді қосылған сияқты

Міне, қала біріншілігіндегі бас жүлдеден басты үміткерлерді тізіп шықтық. Алдағы уақытта тағы төрт команданың әлеуеттеріне тоқталып, осы біріншіліктегі рөлдері туралы жазатын боламыз.

Астана қаласы біріншілігінің ойындар кестесімен және матч нәтижелерімен мына сілтеме бойынша танысуға болады. 

Тізімге қайта оралу