|   |   |   |  Қала біріншілігі. Түн жарымына дейін созылған футбол

Қала біріншілігі. Түн жарымына дейін созылған футбол

Кеше, яғни маусымның 9-ы күні елордамыздың «Астана-Аренасында» түн жарымға дейін қала біріншілігінің ойындары өтті.

Бұл бірінші турдың кейінге екі ойыны және үшінші турдың бір кездесуі болатын. Голдар өте аз соғылған матчтардың екеуі тең есеппен аяқталса, біреуінде 1:0 есебі тіркелді.

№8 МБЖСМОР-2000. Жеткіншектер жетіліп қалыпты

Біріншіліктің ең жас командасы «Астана-98» жігіттерімен ойнаған. Бұған дейінгі үш кездесудің екеуінде 0:8 есебімен ойсырай жеңіліп, біреуінде 0:3 есебімен тізе бүккен жеткіншектер осы жолы барын сала ойнады. Бәлкім, қарсыластары менсінбей шыққан болар, 14-минутта Назар Өтебаев тамаша гол соғып, өздерімен санаспағандықтары үшін «Астана» футбол орталығының жастарын жақсылап жазалады. Алайда, бірінші таймның соңында Ақсұлтан Асаинов таразы басын теңестіріп кетті.

Үзілістен кейін «Астана-98» жігіттері қанша жерден жеңісті жұлып алмақ болғанымен доптары қақпаға дарымай қойды. Қақырата тепкен доптары бірде қиыс кетіп жатса, бірде қақпашы Егор Потехин тамаша қимылдап, алдына жеткен доптың барлығын қайтарып жатты. Қорытынды есеп – 1:1.

Сергей Калюбин әлі бабында

Еліміздің талай клубында ойнап, Қазақстанға жерсініп кеткен Сергей Калюбин әлі бабында екен. Қазір елорданың «Целинник» ардагерлер командасында доп теуіп жүр. Жай ғана теуіп жүрген жоқ, командасын алға сүйреуде. Мәселен, 3-тур аясында өткен «Телеком» – «Целинник» арасындағы кездесудің 63-минутында есепті теңестіріп, ардагерлерге бір ұпай алып берді. Әйтпесе, 23-минутта «байланысшы» Қайыр Көшеғұловтың голынан кейін «Целинниктің» жағдайы қыл үстінде тұрған болатын.

«Рузаевкаға» жеңіс оңай келіп жатқан жоқ

Екінші лигада жеті ойыннан кейін 7-орында келе жатқан «Рузаевкаға» қала біріншілігінде де жеңістер оңайлықпен келіп жатқан жоқ. Бұған дейін тек бір ғана кездесу өткізген солтүстік қазақстандықтар бұл жолы «Астана-99» командасын әзер жеңді. Рас, негізінен ойын тізгіні «Рузаевканың» қолында болған. Алайда, допты қақпаға дарыта алмай, пұшайман болды. Тек 37-минутта Елсін Кіндікбаев қана қақпадан саңылау таба алды.

Айтпақшы, бүгін «Рузаевка» өздерінің осы біріншіліктегі үшінші ойынын өткізеді. Қарсыласы – «Целиноград». Құрамы Африканың «қара маржандарымен» толыққан Александр Черниковтың да командасы оңай шағылар жаңғақ емес. Қалай болар екен?

Біріншіліктің ойындар нәтижесімен және турнир кестесімен мына сілтеме бойыншатанысуға болады.

Тізімге қайта оралу