|   |   |   |  "Зенит" көшбасшыны қуып жетті

"Зенит" көшбасшыны қуып жетті

Кеше Астана қаласының біріншілігінде 3-турдың екі кездесуі өтті. Турнирдің басты фавориті «Зенит» осы біріншіліктің ең жас командасынан емтихан қабылдаса, «Әулие-Ата» №8 Мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің екінші командасымен кездесті.

№8 МБЖСМОР-2000 – тағы да 0:8

Турнирдің ең жас командасын қатарынан екінші ойында осындай ірі есеппен ұтылғаны үшін жазғырудың қажеті жоқ шығар. Бұл ұжымның ойыншылары небәрі 15-16 жастағы бозбалалар. Бұғанасы әлі қатпаған. Ең бастысы – тәжірибе. Өздерінен әлдеқайда жас үлкендігі бар жігіттерге қарсы ойнау – олар үшін өте пайдалы. Ал осы беттерінен қайтпаса, бір-екі жылда өздері қарсыластарын осындай есептермен ұтатын болады. Кеше «Зенитке» қарсы кездесуде Аюпхан Калмыковтың жылдам соққан екі голы жеткіншектердің жігерлерін құм сепкендей басып тастады.

«Зенит» көшбасшыны қуып жетті

Мамандар мен жанкүйерлер биылғы біріншіліктің басты фавориті деп «Зенитті» айтуда. Әлбетте, «Школьник» пен «Достарды», сондай-ақ «Рузаевканы» да тізімнен сызып тастауға болмайды. Дегенмен, Илья Меланич шәкірттерінің ойындары ерекше. Жаңадан қосылған футболшылары да ойынға әр бере түскендей. Мәселен, кеше негізгі міндеті қорғаушы екеніне қарамастан Асан Барлыбаев үш гол соғып, бас бапкерінің алғысын алды. Аюпхан Калмыков та хет-трик авторы атанса, Вячеслав Сердюков пен Ержан Ысқақов бір-бір голдан соқты.

Осылай «Зенит» үш матчта максималды ұпай жинап, «Школьникті» қуып жетті. Ал гол айырмашылығы бойынша, тіпті алда келеді.

«Әулие-Ата» – жұмбақ команда

Құрамы Тараз, Шымкент және Қызылорда сынды еліміздің оңтүстік өңірлерінен жасақталған «Әулие-Ата» осы біріншіліктің ең жұмбақ командаларының бірі. Шыны керек, көпшілік бұларды әлі жөнді зерттеп үлгерген де жоқ. Алайда, алып бара жатқан ештеңесі жоқ секілді. Екі кездесу өткізді. Екеуінде де жеңіліс. Бұған дейін «Рузаевкадан» 0:6 есебімен ойсырай ұтылған болса, бұл жолы №8 МБЖСМОР-98 командасынан ұтылды. Ірі есеп тіркелуі мүмкін еді, ойынның аяқталуына шамамен он минуттай қалғанда Диас Сейдахметов бір гол соғып, «Әулие-Атаның» абыройын сақтап қалды.

№8 МБЖСМОР-98 турнир кестесінде 4-орынға көтерілді

Рашид Мифтаховтың командасы турнир кестесінде 4-орынға көтерілді. Бірінші турда күтпеген жерден «Целинникке» жол берген №8 МБЖСМОР жасөспірімдері содан кейінгі екі матчта да жеңіске жетті. Кеше «Әулие-Атаны» еш артық күш жұмсамастан 3:1 есебімен тізерлетті. Әлібек Тұрарбеков дубль авторы атанса, Жанат Комиев тағы бір гол соғып, оңтүстік жігіттерінің жігерлерін жасытты. Әсіресе Әлібектің бірінші голы тамаша болды. Айып соққысын орындауға мүмкіндік алып, допты қақпаның дәл тоғыздығына қадаған Тұрарбеков одан кейін де командасының нағыз моторы болды. Жалпы, болашағынан үлкен үміт күтуге болатын ойыншы екен.

Үшінші турда тағы төрт ойын қалды

Сонымен, енді 3-тур аясында «Арт Принт» пен «Астана-98», «Рузаевка» мен «Целиноград», №8 МБЖСМОР мен «Астана-99» және «Телеком» мен «Целинник» кездеседі.  

№8 МБЖСМОР-2000 – Зенит 0:8

Голдар: Аюпхан Калмыков 4, 8, 43. Асан Барлыбаев 42, 47, 60. Вячеслав Сердюков 22. Ержан Ысқақов 67.

№8 МБЖСМОР-98 – Әулие-Ата 3:1

Голдар: Әлібек Тұрарбеков 37, 68. Жанат Комиев 54 – Диас Сейдахметов 72.

 Турнир кестесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.
Тізімге қайта оралу