|   |   |   |  Астана біріншілігі. Жазғы маусымның ТОП-10 трансфері

Астана біріншілігі. Жазғы маусымның ТОП-10 трансфері

Астана біріншілігі. Жазғы маусымның ТОП-10 трансфері
Астана біріншілігі. Жазғы маусымның ең ірі трансферлері

Футболдан Астана біріншілігінің жазғы маусымына тіркелген барлық команданың ойыншылар тізімі қолымызға тиді. Өзгерістер өте көп. Бір командадан екіншісіне ауысқан футболшылар жетерлік. Осы орайда жазы маусымның ТОП-10 трансферін жасап көрген едік.

10-орын. Расул Қарбаев (жартылай қорғаушы)

Астана-1964 – Рузаевка

Расул Қарбаев Рузаевка
Расул Қарбаев (№17) "Арт Принт" ойыншысымен допқа таласуда

Қысқы маусымда «Астана-1964» сапында ойнаған Расул Қарбаев командасының негізгі ойыншысы бола алған жоқ. Көбінесе ойынды қосалқы құрамда бастап жүрді. Дегенмен, өзі ойнаған ойындарда командаластарын жерге қаратпаған еді. Ақыры «Рузаевка» сапына өтіп, әуесқой статустан кәсіпқой мәртебеге ие болды. Қазір ол «Рузаевка» сапында қала біріншілігінде ғана емес, ел чемпионатында да ойқастап жүр.

9-орын. Ғалымжан Кенжалинов (шабуылшы)

Art Print – Целиноград

Ғалымжан Кенжалинов
Ғалымжан Кенжалинов "Целиноград" сапындағы алғашқы матчын өткізді

Ғалымжан Кенжалинов сынды ойыншыны өз қатарынан көруге ешбір команда қарсы болмайтын шығар. Өте әмбебап футболшының беделі алаңдағы әріптестерінің рухын көтеріп қана қоймай, қарсыластарының да мысын басатыны анық. Оның үстіне, қыста «полиграфтар» сапында алаңға анда-санда бір шығып жүрген Кенжалинов «Целиноградқа» ауысқалы футболға бел шеше кіріскендей.

8-орын. Бейбіт Мамырайымов (қақпашы) 

Астана-1964 – Школьник

Бейбіт Мамырайымов Прогресс.кз
Бейбіт Мамырайымов енді "Школьник" қақпасын қорғайтын болады

«Астана-1964»-тің жазғы маусымнан бас тартатыны белгілі бола салысымен команданың барлық бал қаймақтарын басқа ұжымдар таласып-тармасып алды. Солардың бірі қақпашы Бейбіт Мамырайымов еді. «Прогресс» пен «Астана-1964»-тің намысын бірнеше жыл қатарынан қорғап келген Бейбіт енді «Школьник» үшін тер төгеді.

7-орын. Асан Барлыбаев (қорғаушы) 

Астана-1964 – Зенит

Асан Барлыбаев футбол
Асан Барлыбаев бірден "Зениттің" негізгі құрамынан орын алды

«Астана-1964»-тің кезекті экс-ойыншысы. Қысқы маусымда бұл қорғаушы турнирдің «таңдаулылар құрамасына» енген болатын. Сондықтан, далада қалмайтыны түсінікті еді. Талантты жазбай танитын «Зениттің» бас жаттықтырушысы Илья Меланич қапталдағы қорғаушыны бірден өз сапына шақыртып алды.

6-орын. Марат Ысқақов (шабуылшы)

Целинник – Art Print

Марат Ысқақов төреші
Марат Ысқақов (үстіңгі қатар, сол жақтан бірінші) ескі командасы "Целиникпен"

Ал Марат Ысқақов Art Print сапына Кенжалиновтың орнын толтыру үшін ауысты. Екеуінің негізгі қызметтері ұқсас. Сондықтан, «полиграфтар» Кенжалиновтық кетіп қалғанына аса қатты қинала қоймаған болулары керек. Оның үстіне, Марат Ысқақов әрдайым бабында. Қыста «Целинниктің» басты сұрмергені болған. Енді жаңа командасын өрге сүйрейтіні анық.

5-орын. Максим Казначеев (қорғаушы)

Наша Кампания – Достар

Максим Казначеев футбол
Максим Казначеев "Наша Кампанияның" ақ жейдесін "Достардың" ақ жейдесіне алмастырды

«Астана-1964» қана емес, жазғы маусымға қатысуға «Наша Кампания» командасының да шамасы жетпей, уақытша үзіліс алды. Дегенмен, тәжірибелі ойыншылары өз орындарын тапты. Солардың бірі, орталық қорғаушы, көшбасшы Максим Казначеев. Жазғы маусымда «Достар» намысын қорғауды жөн көрген Казнечеев жаңа командасының сапында екі кездесуде алаңға шығып та үлгерді.

4-орын. Ербол Изекенов (жартылай қорғаушы)

Астана-1964 – Зенит

Ербол Изекенов
Ербол Изекенов енді "Зенит" сапында үздік атануды көздейді

Таланттар жерде қалмайды ғой. Былтырғы чемпиондар биылғы біріншіліктен бас тартқаннан кейін Ербол Изекеновқа таласқан командалар аз болған жоқ. Дегенмен, «Зениттің» құрамын күшейтуді жөн көрген Ербол Илья Меланичтің командасын таңдады. Айтпақшы, Изекеновтің қысқы маусымда үздік жартылай қорғаушы атанғанын да айта кетуіміз керек.

3-орын. Қуаныш Әбдуалиев (жартылай қорғаушы) 

Астана-1964 – Школьник

Куаныш Абуалиев
Қуаныш Әбдуәлиевке "Школьниктің" "барселоналық" жейдесі әдемі жарасты

Былтырғы чемпиондардың негізгі ойыншысы болған Қуаныш Әбдуалиев әр матчта әріптестеріне әдемі пастар шығарып беріп, «Астана-1964»-тің талай жеңісінің себепкері болған. Жазғы маусымда «Школьник» сапына ауысып отыр. Дегенмен, Әбдуалиев «Школьникте» жартылай қорғаныс шебінде емес, қорғаныстың орта тұсында ойнап жүр.

2-орын. Имара Чурчил, Аустин Сандэй, Майкл Итиат

Целиноград

африканские легионеры Целинограда
Астана біріншілігінің тарихындағы алғашқы африкалық футболшылар

ТОП-10 трансфердің екінші сатысына бірден үш ойыншы орналасқан. Үшеуі де «Целиноград» сапына «еркін агент» ретінде ауысты. Сондай-ақ, Астана біріншілігінің тарихындағы алғашқы африкалық легионерлер болып мәңгілікке архивта қалатын болды. Рас, әзірге үшеуі де жаңа командасына сіңісіп кете қойған жоқ. Бірақ шеберліктері толысқан, кез-келген ойынның тағдырын шешіп кете алатындай қабілеттері бар екендіктерін байқатты.

1-орын. Айдар Күмісбеков (қорғаушы) 

Школьник

Айдар Күмісбеков

Ал рейтингтің төрінде бізде Айдар Күмісбеков. Қазақстан футболының тарихындағы ең танымал, әрі таңдаулы қорғаушылардың бірі кәсіпқой футболдағы карьерасын аяқтаған соң Талдықорғанның «Жетісу» футбол клубында аз-кем жаттықтырушылық қызмет атқарған. Былтырдан бері елордамызда жүр. Кәсіпқой футболдан кеткенімен теңбіл доптан біржола қол үзбепті. Астананың «Школьнигіне» ауысып, барша астаналық футболсүйер қауымды таңғалдырды. 

Тізімге қайта оралу