|   |   |   |  Астанада колледждер арасындағы «Жас Қанат» лигасы мәресіне жетті

Астанада колледждер арасындағы «Жас Қанат» лигасы мәресіне жетті

Бас жүлдені Астана политехникалық колледжі жеңіп алды. Екінші орын Ақмола көлік және коммуникация колледжіне бұйырса, Астана гуманитарлық колледжі үздік үштікті қорытындылады.

Колледждер Спартакикадасының аясында өткен Студенттердің бұл лигасын жыл сайын «Шығыс» спорт клубы ұйымдастыратын. Биыл бірінші рет барлық ұйымдастыру шараларын Астана футбол федерациясы өз мойнына алды. Соған сәйкес, турнирдің барлық ойындары «Жас батыр» стадионында өтіп, білімгерлер нағыp футболдың қандай болатынын сезінді. Олай дейтініміз, бұған дейінгі жылдары Студенттер лигасының ойындары шағын ғана алаңда өтіп, командалар 8х8 жүйесі бойынша ойнайтын. Биыл бірінші рет 11х11 форматында доп тепті. Одан бөлек, кәсіпқой төрешілер де тартылды. Бір сөзбен айтқанда, студенттер Астана футбол федерациясының жұмыстарына көңілдері толып, бұл турнирді ұмытпастай естерінде сақтап қалатын болды.

Сонымен, турнир жүйесі бойынша алдымен 12 команда алты-алты командадан екі топқа бөлінген. Бірінші кезеңнен кейін «А» тобының үздік үш командасы және В» тобының үздік үш командасы финалдық сынға жолдама алды да, бір-бірімен ойнап шықты. Бірақ бірінші кезеңдегі ұпайлары сақталып қалды.

Бас жүлдеден басты үмітті АГК командасы болатын. Былтыр қарсылас шақ келтірмеген олар биыл да осы турнирде жеңіске жететіндіктеріне сенімді болған. Бірақ финалдық кезеңнің екінші турында Астана Көлік және коммуникация колледжімен 3:3 есебімен тең ойнап, өз жағдайларын қиындатып алды. Осылайша соңғы рет 2005 жылы чемпион атанған Астана Политехникалық колледжі араға 11 жыл салып, бас жүлдені қанжығаларына байлады.

Нұрлан Тәженов, «Шығыс» спорттық клубының директоры:

– Спартакиада спорттың 11 түрінен өткен болатын. Қыркүйек айында басталып, міне мамырда мәресіне жетіп отыр. Биыл футболды Астана футбол федерациясы өз қанатына алды. Сол үшін де зор алғыс білдіргім келеді. Турнир өте жоғары деңгейде өтті және алдағы жылдары да Футбол федерациясы осы біріншілікті ұйымдастыра берсе екен деймін.  


Тізімге қайта оралу