Главная страница
 |   |   |  Астанада жас төрешілерге сертификаттар табысталды

Астанада жас төрешілерге сертификаттар табысталды

Астанада жас төрешілерге сертификаттар табысталды
Астанада жас төрешілерге сертификаттар табысталды

Елордамызда Жас төрешілер мектебінің кезекті курсы мәресіне жетті. Бүгін Астана футбол федерациясының кеңсесінде тәлімгерлерге сертификаттар табысталды.

Енді олар Астанадағы футбол турнирлерінде төрелік ете алады. Егер білімдерін ары қарай шыңдап, тәжірибелерін арттыра беретін болса, Премьер-лига ойындарын да, халықаралық матчтарға да қызмет етіп, ФИФА дәрежесіндегі арбитр деңгейіне дейін жетулеріне болады.

– Ендігісі өздеріне байланысты. Мен оларға тек сәттілік тілеймін. Қанаттары талмасын. Үлкен футболға қадам басты деген осындай болады. Төреші болу оңай емес. Өмірлерінде талай сын, талай қиындықтарға кезігеді. Дегенмен, бәріне де төзу қажет, - деді Жас төрешілер мектебінің жетекшісі Әлібек Әубәкіров.

Өткен жылдың қыркүйегінде басталған Жас төрешілер мектебінің бұл курсы тұп-тура бір жылға созылды. Алты тәлімгер сертификат алып шықты. Олар: Серік Жугралин, Мейір Дәрібаев, Нұрсұлтан Ескенов, Мақсат Зайдинов, Игорь Карантаев және Асылбек Әленханұлы.

– Бір жылда көп нәрсе үйрендік. Ұстазымыз Әлібек Әубәкіров шынымен де ФИФА санатындағы мықты төреші екен. Бар білгенін санамызға сіңірді. Енді алда ақырындап қалалық турнирлерге, сосын ел футболындағы ойындарға қызмет ете бастаймыз. Мақсатымыз – халықаралық деңгейдегі арбитр дәрежесіне жету, - деді емтиханды керемет деген бағаға тапсырған Асылбек Әленханұлы.

Тізімге қайта оралу