|   |   |  Астана біріншілігі. Маусымның ең маңызды матчтарын жіберіп алмаңыздар

Астана біріншілігі. Маусымның ең маңызды матчтарын жіберіп алмаңыздар

Астана біріншілігі. Маусымның ең маңызды матчтарын жіберіп алмаңыздар
"Астана-1964"

Алдағы демалыс Астана футболы үшін өте маңызды болмақ. Ертең, яғни сенбі күні үлкен футболдан елордамыздың жүлдегерлері толық анықталса, жексенбі күні футзалдан қала біріншілігі мәресіне жетеді. Сондай-ақ, Оқушылар лигасы да нағыз қызған шағына жетті.

Сәйкестік, деп осыны айт. Әдетте, чемпионаттың соңғы турында бас жүлдеге басты үміткерлер бір-бірімен сырттай таласады емес пе?! Тек кубоктық турнирде ғана чемпиондықтан үміткерлер финалда кездесетін. Ал бізде, құдды бір, солай ойластырылып қойғандай Астана біріншілігінің «алтын ойыны» соңғы турға сәйкес келіп тұр. Ертең «Астана-Арена» стадионында өзара кездесетін «Астана-1964» командасы мен «Достардың» қайсысы жеңсе, сонысы чемпион атанады. Араларын бар болғаны екі-ақ ұпай бөліп тұр. Яғни, экс-«прогресстіктерге» тең түссе де жеткілікті. Дегенмен, бірінші айналымның аясындағы ойында 1:4 есебімен оңбай жеңілген Әділ Шанабаев шәкірттері қарымта қайтару үшін қолдарынан келгеннің, аяқтарына жеткеннің бәрін жасайды. Маусымның ең маңызды ойыны ертең сағат 17:30-да басталады. Ал кездесуден кейін бірден марапаттау рәсімі өтпек.

Сондай-ақ, ертең үшінші орынның да тағдыры шешілмек. «Қола жүлдеге» «Школьник» пен біріншіліктің бірінші жартысын бірінші орында аяқтап, екінші кезеңде жүрістерінен жаңылған «Зенит» таласады. Араларын екі ұпай бөліп тұр. Ал бірінші кездесулерінде «барселоналықтар» дұрыс дайындалмады ма, әлде менсінбей шықты ма, әйтеуір 0:1 есебімен жеңіліп қалған. Ертең қолаға қол жеткізіп, «зениттіктерді» дымсыз қалдыруға тырысатындықтары хақ.

Бұл екі ойынның алдында көрермендер алдымен «Art Print» және «Наша Кампания» командаларының арасындағы кездесудің куәсі болмақ. Сонымен қатар, екінші топтың да ойындары өтеді. Екінші топ демекші мұнда әлі екі тур бар.

Үлкен футболдан қала біріншілігінің турнир кестесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.


"Достар" мен "Аланның" қайсысы қола жүлдегер атанар екен?

Футзалдан Астана біріншілігінің чемпионы анықталып қойған. Турнирдің аяқталуына екі тур қалғанда-ақ «Есілге» ешкімнің жете алмасына көз жеткен. Екінші орынды өз еншілеріне жазған «Кеденді» де «күмістерімен» құттықтап қоюға болады. Сондықтан, алдағы сенбі және жексенбі күндерінде «қола жүлденің» тағдыры шешілмек. Үміткер екеу. «Алан» мен «Достар». Өзара жексенбі күні кездесіп, мәселені біржола шешуге тырысады. Дегенмен, оған дейін «Аланға» «Ярышты» жеңіп алу қажет. Ал «Достар» «Есілдің» екпініне шыдап көреді.

Сондай-ақ, турнир аутсайдері «Целиноград» №8 МБЖСМОР командасымен кездесіп, маусымдағы алғашқы ұпайына қол жеткізуге тырысады.

Футзалдан қала біріншілігінің турнир кестесі мына сілтемеде.

Оқушылар лигасының жоғарғы тобы арасындағы турнир кеше аяқталды. Енді кіші топтың жеңімпазын анықтау ғана қалды. Финалдық ойындар 13 наурызға жоспарланған. Ал осы аптадан бастап негізгі топтық кезең басталады.

Оқушылар лигасымен танысу үшін мына сілтемені басыңыз.

Тізімге қайта оралу