|   |   |  Астана қаласының біріншілігі шарықтау шегіне жетті

Астана қаласының біріншілігі шарықтау шегіне жетті

Астана қаласының біріншілігі шарықтау шегіне жетті
Зенит - Астана-1964 – 16-турдың орталық кездесуі болмақ

Астана қаласының қысқы футбол маусымы шарықтау шегіне жетті. Әр ойында тартысты айқас және ешкімнің де қателесуге хақысы жоқ. Тек футзалдан қала біріншілігіндегі «Есіл» мен «Самұрық-Қазына» лигасындағы «ҚазМұнайГаз» ғана өздерін еркін сезіне алады. Ал қалған командалардың барлығын нағыз айқастар енді күтеді.

Футболдан Астана біріншілігінде бас жүлдеден бірден бес команда үмітті. Өзара айқастан бөлек, сырттай тартысып, бір-бірінің жеңгенін емес, тең түскенін қалап жүрген қарсыластар. Бұл турнир кестесінің төменгі бөлігіндегі командаларға да байланысты. Дегенмен, бәрінен де «Астана-1964» пен «Зенит» өзара кездесуі қызық болып тұр. Араларын бір-ақ ұпай күтіп тұр. Ойын жексенбі күні өтеді. Ал ар жағында қалатынын бір-ақ тур. Сондықтан, чемпиондықтың тағдыры осы кездесуде шешішулі әбден мүмкін.

Алайда, оған дейін «Астана-1964» сенбі күні «Art Print» командасымен кездеседі. Қатарынан екі ойында жеңілген «полиграфтар» осы жолы міндетті түрде жеңіске жетеміз деп желпініп отыр. Ал «Зениттің» ойыны кішкене ауырырақ болайын деп тұр. Олардың қарсыласы біріншіліктің екінші кезеңіне қарқын алған «Достар» командасы. Азулы «Школьникті» ойсырата жеңіп, одан кейін «полиграфтарды» да еш қиындықсыз тізе бүктірген Әділ Шанабаевтың шәкірттері «Зенитті» де сан соқтырып, чемпиондыққа таласқа шындап кіріспек.

«Школьниктің» жағдайы қиынырақ. Қатарынан екі ойында жеңілістің кермек дәмін татқан «астаналық «барселоналықтар» көшбасшыдан бір емес, бес ұпайға артта қалып қойды. Бірақ әлі де чемпиондықтан күдерлерін үзген жоқ. Үміттері бар. Ол үшін алдымен ертең «Наша Кампанияны» жолдан тайдырып, жексенбі күні «Art Print» командасын ұту қажет. Дегенмен, бұл да аз. «Школьник» әлгі қарсыластарын жеңіп қана қоймай, басты бәсекелестерінің сүрінгендерін күту керек. Өкініштеріне қарай, «Наша Кампания» да оңай шағылар жаңғақ емес. Осал команда турнир көшбасшысы «Зенитті» ұта алсын ба?

Аутсайдерлер екеніне қарамастан екінші топтың да өз қызықтары бар. Бірінші ретте «Целинник» пен «Целиноградтың» ойыны назар аудартады. Бірінші кезеңдегі өзара ойын «ардагерлердің» ірі жеңісімен аяқталғанына қарамастан матч тартысты өткен. Екінші кезеңде Александр Черниковтің жігіттері қарымта қайтара ала ма? Оны біз ертең білетін боламыз. Ал жексенбі күні бізді «оқушылар дербиі» күтіп тұр. Жасыл алаңға №8 МБЖСМОР-дың 1998 және 2000 жылғы жеткіншектері шығады. Айтпақшы, бірінші ойындарында үлкен топ оқушылары екінші таймда соғылған жалғыз голдың арқасында 1:0 есебімен басым түскен. Бұл жолы қалай боларын жексенбі күнгі кездесу анықтап береді.

Қала біріншілігінің турнир кестесімен мына сілтеме бойынша таныса аласыздар.


"ҚазМұнайГаз" "Самұрық-Қазына" лигасының чемпионы атанып қойды 

Футзалдан қала біріншілігінің де аяқталуына үш тур қалды. Дәл қазір турнир кестесін «Есіл» жігіттері бастап келеді. «Қызыл ала жейделілер» алдағы турда-ақ чемпиондықты рәсімдеп алуы мүмкін. Бірақ, «Алан» да лайықты қарсылас бола біледі деген үміттеміз. Оның үстіне, бұлар да осал емес. Үздік үштіктегі командалар қатарына кіреді. Бұдан бөлек, қала біріншілігінің 12-туры аясында жексенбі күні «Астана» спорт кешенінің паркетінде «Кеден» – «Ярыш» және «Целиноград» – «Достар» командалары шеберлік байқасады.

Футзалдан қала біріншілігінің турнир кестесі мына сілтемеде.

Ал «Самұрық-Қазына» лигасының қысқы маусымы осы демалыста мәресіне жетеді. Кейінге шегерілген ойында «Астана» СК» командасын 5:0 есебімен техникалық жеңіске жеткен «ҚазМұнайГаз» турнирдің аяқталуына екі тур қалғанда Лига жеңімпазы атанып қойды. Ал екінші және үшінші орындар үшін «КеденТрансСервис» пен «Телеком» командалары сырттай таласатын болады.

Футзалдан «Самұрық-Қазына» лигасының турнир кестесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

Тізімге қайта оралу