|   |   |  Астана футболында апта сайын айқас

Астана футболында апта сайын айқас

Астана футболында апта сайын айқас
Зенит - Наша Кампания. Текетірестің үшінші таймын тамашалаймыз

Ертеңнен бастап Астана футболының аренасында күнде айқас. Әр ойын тартысты, әр ойын қызықты өтпек. Бұдан бөлек, осы жексенбіде бізді «Самұрық-Қазына» кубогының финалы күтіп тұр. Бір сөзбен айтқанда, стадионға келіңіздер. Іштеріңіз пыспайды.

Кейде Еуропа футболында бір күнде бірнеше азулы командалардың өзара кездесіп қалатын кездері болады. Мына жақта «Бавария» мен «Боруссия Дортмунд» ойнап жатса, келесі арнада «Челси» мен «Арсенал» айқасып жатады. Одан кейін «Реал» мен «Барселона» алаңға шығып, оған қосамжарлана «Милан» мен «Интер» иек тірестіріп тұрады. Қай арнаны қосарыңды, қой ойынды тамашаларыңды білмейсің. Бізде де солай болайын деп тұр.

Үлкен футболдан қала біріншілігінде бірден бес команда бас жүлдеден үмітті. Оның үстіне, ұпайлары екіге бөлінгеннен кейін командалар арасындағы алшақтық біразға қысқарды. Мәселен, көш басындағы «Зенит» пен 5-орындағы «Наша Кампанияның» арасын бар болғаны 4-ақ ұпай бөліп тұр. Жексенбі күні өтетін өзара кездесуінен кейін ұпай айырмашылығы тіптен бір ғана баллды құрауы мүмкін. Дегенмен, оған дейін Илья Меланич шәкірттері ертең «Art Print» командасымен кездессе, Владимир Коноваловтың серкелерін «Астана-1968»-пен болатын маңызды кездесу күтіп тұр.

Сондай-ақ, «Школьниктің» қатысуымен өтетін ойындар да көпшіліктің қызығушылығын тудырары хақ. Алдымен «астаналық «Барселона» сенбі күні «Достармен» кездеседі. Айтпақшы, бірінші кезеңнің аясында өткен бұлардың арасындағы кездесуде сол күйі гол соғылмаған болатын. Демек, ертең біз «Школьник» пен «Достардың» орындауындағы 3-ші және 4-ші таймдарды тамашалауымыз ғажап емес. Ал жексенбі күні «Школьникті» тағы бір маңызды матч күтеді. Бұл жолы олар өздерінен қарымта қайтарғысы келіп жүрген «Астана-1964»-пен кездеспек.

Екінші топтың да өз қызықтары бар. Әзірге фаворит «Астана» футбол орталығының жеткіншектері болады деп топшылаудамыз. Ол түсінікті де. Дегенмен, біз бұл командалардан 8-ші және 10-орын емес, одан да жоғары нәтижелерді күткенбіз. Яғни, жинақталып, бой тіктер кез келді.

Үлкен футболдан қала біріншілігінің турнир кестесімен мына сілтеме бойынша таныса аласыздар.

ҚазМұнайГаз бен Телеком текетіресін финалда тамашалаймыз.

«Самұрық-Қазына» лигасында 16-тур ойындарының шеруін «Телеком» мен «Қазатомпром» бастайды. Бір қарағанда турнир кестесіндегі көршілер секілді. Бірақ араларын 13 ұпай бөліп тұр. 3-орындағы «Телеком» тіпті, бас жүлдеден де әлі үміттерін үзген жоқ. Өзге ойындарда да бәрі түсінікті. «ҚазМұнайГаз» бен «КеденТрансСервиске» әлі ешкім лайықты қарсылық көрсете алар емес. Яғни, «мұнайшылар» мен «кеденшілер» кезекті үш ұпайларын қоржындарына басатындықтары түсінікті.

Ал жексенбі күні бізді нағыз айқас күтеді. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан» қос команда «ҚазМұнайГаз» бен «Телеком» командалары «Самұрық-Қазына» кубогының финалында кездеспек. Қайсысының асығы алшысынан тұрады екен? Оны жексенбі күні 14:00-де басталатын матчтың нәтижесінде білеміз.

«Самұрық-Қазына» лигасының турнир кестесі мына сілтемеде.

Футзалдан қала біріншілігінде «Есілге» енді ешкім жете алмайтын шығар. Сегіз кездесуде максималды ұпай жинаған олар ұпай жоғалтуды ойлап та жүрген жоқ. Әр кездесуінде ірі есеппен жеңіп жатады. «Астана» спорт кешенінде жексенбі күні өтетін кездесуде де кезекті жеңісін тойлайтыны түсінікті. Олай дейтініміз, көрінген командаға ұпай үлестіріп келе жатқан «Целиноград» көшбасшыға аса қарсылық көрсете алмас. Ал екінші орындағы «Кеденге» осы тур оңай болмайын деп тұр. Олардың осы жолғы қарсыласы - «Достар». Иә, бірінші айналымның аясында өткен ойында «Кеден» 5:3 есебімен жеңген. Дегенмен, Әділ Шанабаевтың командасы да қарымта қайтару үшін бар күштерін салатындықтары хақ. Ал бұл екі кездесудің алдында сіздермен бірге «Алан» және №8 МБЖСМОР командалары арасындағы ойынды тамашалайтын боламыз.

Футзалдан қала біріншілігінің турнир кестесімен танысу үшін мына сілтемеге өтіңіз.


Тізімге қайта оралу