|   |   |  Алдағы апта Астана біріншілігіне не береді?

Алдағы апта Астана біріншілігіне не береді?

Алдағы апта Астана біріншілігіне не береді?
"Школьник" қарсыластарын қоғадай жапырып келеді

Өткен аптада Астана футболы тартысты ойындарға бай болып, кездесулерді өз көздерімен көрген көрермендердің айыздары қанған еді. Осы демалыс та іш пыстырмайын деп тұр. Алдағы сенбі мен жексенбіде де тамсана тамашалайтын ойындар жетерлік.

Футболдан Астана қаласының біріншілігінде «Зенит» командасы көш бастап келеді. Тоғыз турда ұпай қоржынынан бірде-бір шығын шығармаған Илья Меланич шәкірттері басты бәсекелестерінен үш ұпайға алда келеді. Бірақ осы жексенбіде-ақ жағдай өзгеріп кетуі мүмкін. Олай дейтініміз, көшбасшы турнирдің тағы бір фавориті «Астана-1964» командасымен кездеседі. Егер жеңіліп қалса, онда көш басына «64» жігіттері шықпақ.

Алдағы тур «Наша Кампания» командасына да оңай тимейді. Өткен аптада біріншілік жеңімпазы атанудан басты кандидаттардың бірі «Достардан» оңбай жеңілген олар осы жолы «профессор» «Школьниктің» алдында емтихан тапсырады.

Айтпақшы, «Целиноградтың» да жағдайы қызықтырады. Ертең Александр Черников командасы «Art Print» футболшыларына қарсы алаңға шықпақ. Осының алдында қатарынан бес кездесуде жеңілген «Целиноград» сәтсіздік сериясын үзе ала ма?

Қысқы біріншіліктің 10-шы және 11-ші турдағы ойындар кестесімен мына сілтеме бойынша таныса аласыздар.


"Зенит" көшбасшылықты ұстап қала ала ма?

«Самұрық-Қазына» лигасының 14-турындағы басты сұрақ: «командалар бір-бірімен қалай ойнайды?» емес, «фавориттер қарсыластарының қақпасына қанша гол соғады?» болатын шығар. Тіпті, дисквалификация алып, екі ойыннан шеттетілген лидерлерінсіз-ақ «КеденТрансСервис-ҚТЖ» қарсыласы «СК Астананы» қалпақпен қайырып алуы тиіс. Олай деуімізге де себеп бар. Шыны керек, дәл қазір бұл екі команда арасындағы шеберлік айырмашылығы жер мен көктей.

«ҚазМұнайГаз-РД» командасы да кезекті қарсыласының қорғанысын тексеріп көрмек. Иә, «ҚазАтомПром» оңай шағылар жаңғақ емес, турнир кестесінде 4-орында келеді. Алайда, құрамында қызылордалық легионерлері бар «мұнайшыларға» бүгінде «Самұрық-Қазына» лигасында лайықты қарсылас табылмай тұр.

«Евро-Азия Эйр» мен «Астана» халықаралық әуежайы» арасындағы ойын да өзара дерби болғандықтан ба, бірден назар аудартады. Екі команданың да турнир кестесіндегі жағдайлары мәз емес, қорғаныстары да әлсіз. Сондықтан, голға бай ойын болады деп күтілуде.

Ал жексенбі күні «Самұрық-Қазына» кубогының ширек финалдық текетірестері өтпек. «Астана» спорт кешенінің паркетіне шығатын сегіз команда жартылай финалға жолдама алар үздік төрттікті анықтайтын болады.

«Самұрық-Қазына» лигасының ойындар кестесімен мына сілтеме бойынша таныса аласыздар. Ал Кубоктық бәсекеге өту үшін мұнда басыңыз.


"Самұрық-Қазына" лигасында қызық көп

Сондай-ақ, жексенбі күні футзалдан Астана қаласы біріншілігінің 9-туры өтеді. Паркетте «Есіл» – «Ярыш», «Кеден» – «Алан», «Достар» – «№8 МБЖСМОР» командалары кездеседі.

Қазір қала біріншілігінде екінші айналым. Бірінші айналымда «Есіл» «Ярышты» 19:1 есебімен жеңген. «Достар» да алдағы қарсыласын дәл осындай есеппен ойсыратқан болатын. «Кеден» мен «Алан» арасындағы ойын тартысты өтіп, 3:1 есебімен алғашқыларының пайдасына шешілген. Бұл жолы қалай болар екен?

Футзалдан қысқы біріншіліктің 9-турдағы ойындар кестесімен мына сілтеме бойынша таныса аласыздар.

Тізімге қайта оралу