Главная страница
 |   |   |  Жас төреші Рүстем Матякубов – "Астана" қақпасына белгіленген екі пенальти де орынды

Жас төреші Рүстем Матякубов – "Астана" қақпасына белгіленген екі пенальти де орынды

Жас төреші Рүстем Матякубов – "Астана" қақпасына белгіленген екі пенальти де орынды
Рүстем Матякубов (жас төреші)

– Өзімнің субьективті пікірімді айтар болсам, екі пенальти де орынды болған сияқты. Екеуінде де «Астана» қорғаушылары доптан бұрын қарсыластың аяғына қасақана болмаса да жанасты. Құлауына себепкер болды. Сондықтан, пенальтилерді орынды дер едім.

Кеше Жас төрешілер мектебінің тәлімгерлері соңғы емтихандарын сәтті тапсырып, АФФ вице-президенті Әлия Дүйсекееваның қолынан сертификаттар алды. Солардың ішінде Рүстем Матякубов «керемет» деген баға алған екен. Марапаттау шарасынан кейін Рүстеммен төрешіліктің қыр-сыры жайында аз-кем әңгімелескен едік.

– Рүстем, алты тәлімгердің ішінде өте жоғары баға алып отырсыз. Төрешілерді даярлау курсынан алған біліміңіз қандай?

– Әуелде осы Жас төрешілер мектебіне келмей тұрып, футбол жайлы, төрешілік жайлы бәрін білем деп ойлайтынмын. Теледидар алдында отырып алып реферилердің жұмысын сынауды жақсы көретіндердің қатарынан едім. Алайда, екінші сабақтан кейін-ақ бұл кәсіп туралы ешнәрсе білмейтініме көзім жетті. Біздің білем дейтініміз құр далбаса екен. Жетекшіміз Әлібек Әубәкіров бізге біраз нәрсені қанықтырды. Қазір де бәрін біліп шықтым деп айта алмаймын. Өйткені, бұл үнемі ізденісті қажет ететін кәсіп. Сондықтан, осы тойғанымызбен тоқтап қалмай, білімімді одан әрі жалғастыра беруге ниеттімін.

– Ал Жас төрешілер мектебі туралы қалай білдіңіз, қалай келдіңіз?

– 2015 жылдың желтоқсан айы болатын. Елордамызда қандай футбол турнирлері болып жатыр екен деп, жай ғана қызықтап Астана футбол федерациясының сайтына кіргенмін. Сонда төрешілерді даярлайтын курстың ашылғанын оқып қалдым. Хабарландыруды дер кезінде көріппін. Тәлімгерлер жинап жатыр екен. Дереу құжаттарымды жинап, сабаққа келдім. Содан бастап төрешілікке деген түсінігім түбегейлі өзгерді.

– Жас төрешілер мектебінде Әлібек Әубәкіровтен бөлек тағы кімдердің дәрістерін тыңдадыңыз?

– Өзімізден жасы үлкен, тәжірибелері мол төрешілер келіп білгендерін үйретіп тұратын. Есімде бір жолы Ғалымжан Кенжалинов келді. Сол кезде бірінші рет доп қолға тиген сәтте қандай шешім қабылдау қажеттігі туралы екі сағат бойы талқылаған едік. Одан басқа Астана қаласы біріншілігінің ойындары кезінде Сергей Кенетаев, Бағдат Түсеев, Николай Дрютов сынды ардагер инспекторлар біздің жұмысымызды жілік-жілікке бөліп, ақыл-кеңестерін айтып отырады. Бір жолы Қазақстан футбол федерациясы Төрешілер және инспекторлар комитетінің басшысы Акмалхан Холматов келіп, менің қателіктерімді тізіп берді де, ақылдарын айтты. Мұның барлығы біз үшін үлкен сабақ. Олардың әр нұсқауы біздің білімізді толықтырып отырады.


Рүстем Матякубов АФФ вице-президенті Әлия Дүйскееваның қолынан арнайы сертификат алды

– Ал өзіңіз бұрын-соңды футболмен айналысқан ба едіңіз?

– Кішкентайымнан қызығатынмын. Басқа құрдастарым секілді мен де кәсіпқой футболшы болуды армандадым. Бірақ мектеп құрамасы, университет құрамасынан ары аса алмадым. Енді қазір халықаралық дәрежедегі төреші болуға мүмкіндігім бар.

– Жас төрешілер мектебінде тәжірибе ретінде ойындарға төрелік етіп жүрдіңіз. Қазылық еткен алғашқы матчыңыз есіңізде ме?

– Ұмытпаймын ғой. Ақпан айы болатын. Оқушылар лигасы. Кішкентай балалар болғанымен олар да жеңілгісі келмейді. Шешім қабылдар сәттерде ысқыруым былай тұрсын, аяқ-қолдарым дірілдеп, абдырап жаттым. Есімде, ойын 3:2 есебімен аяқталды. Кішкентай балалардан да, жаттықтырушыларынан да әбден жебір көрген едім. Сол кезде көзім жетті, футболда физикалық дайындықтан бөлек, психологиялық дайынды та өте маңызды екен.

– Одан кейін ақырындап қала біріншілігінің ойындарына да төрелік ете бастадыңыз...

– Иә, қапталдағы төреші ретінде қала біріншілігінің ойындарында қызмет етіп жүрдім. Бірінші ойыным есімде. Ардагерлерден құралған «Целинниктің» матчы болатын. Ойыннан кейін әбден шаршап, сол күні ес-түссіз ұйықтаппын.

– Негізі, сізге қапталдағы төреші болған ұнай ма, әлде бас төреші ме?

– Бас төреші болуға ұмтылып жүрмін. Бірақ оған әлі ерте. Көп тәжірибе жинақтауым керек. Бәрі бірден бола салмайды ғой.

– Жалпы қандай төрешісіз? Ескерту қағаздарын көп бергенді, пенальти қойғанды жақсы көресіз бе, әлде жұмсақсыз ба?

– Ойын рухы деген болады және ойын ережесі деген бар. Бізге ұстазымыз Әлібек Темірұлы, «жігіттер, әріпшіл болмаңдар! Ережеге қатып қалмаңдар! Ойынды сезіне біліңдер» деп үнемі айтып отырады. Ойын рухын сезіну өте маңызды. Мәселен, біреу алаңға көңіл-күйі болмай шығады, екіншісінің басқа проблемасы бар, бәрін көзбен түсініп, оймен біліп отыру қажет. Мүмкіндік болса, сөйлесіп, сабырға шақырған жөн. Олар да түсінеді ғой. Ал айтақтай берсең, қыза береді. Футболда төреші емес, негізгі рөлді ойыншылар атқарады. Ал төрешілер тек көмекші құрал ғана. Сондықтан, бәрін өз уақытында, дер кезінде саралап, ескертуді де, пенальтиді де өз орнымен беру керек.

– Ендеше сізге қай төрешінің қызмет ету мәнері жақын?

– Жас төрешілер мектебіне келмей тұрып төрешілер жайлы зерттемеппін. Қазір қызға бастадым ғой. Әлемдік деңгейдегілерді айтпай-ақ қоялық. Ал Астанада маған Георгий Чеховскийдің мәнері ұнайды.

– Күні кеше елорданың «Астанасы» Глазгода «Селтиктен» 1:2 есебімен ұтылып қалды. Сол матчта қызмет атқарған румыниялық қазылардың жұмысына қандай баға бересіз?

– Маған әлі біреудің жұмысына баға беру ертерек шығар. Дегенмен, өзімнің субьективті пікірімді айтар болсам, екі пенальти де орынды болған сияқты. Екеуінде де «Астана» қорғаушылары доптан бұрын қарсыластың аяғына қасақана болмаса да жанасты. Құлауына себепкер болды. Сондықтан, пенальтилерді орынды дер едім. Әлбетте, «Астананың» жанкүйері ретінде біз жерлестеріміздің жеңісін тілейміз ғой. Алайда, жағдайға дұрыс баға бере білгеніміз де дұрыс. Ал офсайдқа келер болсақ, бұл жерде телевизиялық ракурстан нақты байқау қиын. Шын мәнісінде қапталдағы төреші қателік жіберіп те қоюы мүмкін. Дегенмен, мұның барлығы адами фактор ғой.   

Тізімге қайта оралу