|   |   |  Астанадағы Футбол күні мерекесі

Астанадағы Футбол күні мерекесі

2015 жылы 24 мамыр күні Астана қаласында Футбол күні аталып өтті. Астана футбол федерациясы елорда әкімдігінің қолдау көрсетуімен қала тұрғындары мен қонақтар үшін спорттық-отбасылық мереке ұйымдастырды.

2015 жылы 24 мамыр күні Астана қаласында Футбол күні аталып өтті. Астана футбол федерациясы елорда әкімдігінің қолдау көрсетуімен қала тұрғындары мен қонақтар үшін спорттық-отбасылық мереке ұйымдастырды.

Спорттық шара футболдан жақында ғана аяқталған қала суперкубогының финалында топ жарған «Прогресс» командасын салтанатты түрде марапаттау рәсімінен басталды. Сондай-ақ Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда Астана қаласының чемпионы және суперкубогының жеңімпазы «Прогресс» және Қарағанды облысының чемпионы «Гефест» командалары арасында жолдастық кездесу өткізілді. Матч өте тартысты өтті. Екі команданың да гол соғатын мүмкіндіктері көп болды. Бірақ «Гефест» жалқы голдыпенальтиден соқты. Ал «Прогресс» қанша тырысса да, таразы басын теңестіре алмады. Сөйтіп, қонақтар 1:0 есебімен жеңіске жетті.

Аталған футбол матчы осы күні жоспарланған бағдарламалардың бір бөлігі ғана болатын. Жиналған халық «Зумба» фитнесс-биінен өткен мастер-класқа тәнті болып, бәрі де мәре-сәре болды. Допты дедек қаққызып, қақпақылдау шеберлерінің (жонглерлердің), яғни футбол фристайлшылары мен черлидингші қыздардың өнерлеріне де көпшілік қызыға сүйсінді. Брейк-бидің ең үздік шеберлері де мерекеге жиналғандардың көңілдерін көтерді. Халық тіпті астаналық «Лайм» тобымен бірге билеп, бірге ән шырқады.

Соңғы күндері Астанада ауа-райы салқындау болса да, мерекелік шараларды тамашалауға жиналған халық көп болды. Көптеген тұрғындар отбасыларымен түгелдей келіп, үлкені де, кішісі де әр түрлі бәйгелер мен футбол викториналарына қатысты.

Астана футбол федерациясының президенті Лашын Аймағамбетов:

Мереке Астана қаласының барлық тұрғындарына арналып ұйымдастырылды. Әрі дәстүрлі түрде жыл сайын өткізу жоспарланып отыр. Оны ұйымдастырудың басты мақсаты – бұқаралық футболдың беделін артырып, дәріптей түсу. Өкінішке қарай, бізде бұған көп көңіл бөлінбей де қалады. Ал негізі, Қазақстанда кәсіби емес, өздерінің облыстары мен қалаларындағы біріншіліктерге қатысатын футбол командаларының саны – өте көп. Бұл біріншіліктердегі бәсекелестік пен тартытсты дода көрігі де – өте жоғары. Біздің мұратымыз – футболдың бәріне де қолжетімді өнер екендігін көрсету. Осыған орай, Астанада қазірдің өзінде, қалалық федерацияның ұйымдастыруымен футболдан, шағын футболдан, футзалдан әуесқойлар арасында жиырмадан астам біріншіліктер мен турнирлер өткізіліп келеді. Сонымен қатар, балаларды футболға, жалпы саламатты өмір салтына жас кездерінен тартып, сүйіспеншіліктерін ояту – өте маңызды. Осы мақсатта біздің федерацияның қанатынан Балалар футбол орталығы ашылды. Онда 6-12 жас аралығындағы балалардың бәрі жаттыға алады.

Футбол мерекесі бірнеше сағатқа созылды. Жиналғандардың көбісі балуан бабамыздың атындағы киелі стадионнан көтеріңкі көңіл-күймен және естелік кәдесыйлармен қайтты.

Тізімге қайта оралу